Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Сыр өңірінде Жиенбай жыраудың 155 жылдығы тойланды

AstanaTV
26.08.2019ж. 20:00
4531
Сыр өңірінде Жиенбай жыраудың 155 жылдығы тойланды

Сыр өңіріндегі ақындар мен жыраулар елі саналатын Тұрмағамбет ауылында қос мереке тойланды. Құтты мекенге жиналған қалың жұрт Жиенбай жыраудың 155 жылдығы мен ауылдың 60 жылдығын атап өтті. Ауқымды іс-шара барысында даңқ қабырғасы бой көтеріп, ауылдан шыққан жүз жыраудың аты алтын әріппен жазылды. Тағылымы терең ғылыми-тәжірибелік конференция да ұйымдастырылды. 

Жыраулардың жақұт жырында қазақтың төл тарихы мен салт-дәстүрі, көшпелі халықтың көрінісі тұнып тұр. Ертеде өткен Ешнияз сал, тұғырлы Тұрмағамбет, Базар жырау, кемелді Кете Жүсіп, Шораяқтың Омары, Жиенбай жырау, Көшеней, Қуандық, Заппар, Сүйінбай, Бидас, Зәуре. Тұрмағамбет ауылы талай таланттармен шабыты шалқыған жүз ақын-жыраудың киелі мекені. Олардың әрқайсысы қазақ фольклорының жауһары, алтын қорының жыр маржаны.

Алмас АЛМАТОВ, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ, ЖЫРАУ: 

Бүгін сол адамдарға түгелдей дерлік ескерткіш тақта орнатылып, әрқайсының кәдімгі ұрпақтары келіп, осыған зиярат жасауда. Тасқа жазған тарих бұл біздің ұрпаққа ұлағатымыз. Өнер профессоры Төлепберген Тоғжан екеуміз «Көрғұлы» дейтін жинақты музыкалық эпос күйінде шығардық. Оған 36 мақам, саз әуені тек қана Жиенбай әулетінің кіргізілді. Ол қазір оқу құрал есебінде республикада оқытылып, пайдаланып жатыр.

Тұрмағамбет атындағы ауыл күн санап көркейіп, өркениет көшіне ілесіп келеді. Көшелері таза, айналасы абаттандырылған. Мектебі жаңа, балабақшасы барынша жабдықталған. Саябақтары да келісті. Ауылдың алпыс жылдығы қарсаңында мұнда сүт зауыты іске қосылды. Жергілікті тұрғындар енді өнімін осы зауытқа өткізбек. Зауыт тәулігіне бір тонна сүтті өңдеп, алты түрлі өнім шығаруға қауқарлы. 

Қуанышбек ЫСҚАҚОВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Орталық алаңы абаттандырылып, сіздердің игіліктерінізге беріліп отыр. Осы жұмысқа жергілікті бюджеттен 43 миллион теңге бөлінді. Сонымен қатар, ауылдағы мектепке ғимараттың бу қазандығына облыстық бюджеттен 52 миллион теңге жұмсалды. Ал «Тұрмағамбет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігің қолдауымен балаларға 80 орындық балабақша пайдалануға берілсе, бүгін сүт өнімдерін өңдеу цехы іске қосылатын болады.

Мереке соңы спорттық сайыстар мен ән-жыр байқауына ұласты. Жергілікті жыр мектебінің шәкірттері өзгелерден ерекше өнер көрсетіп, жүз жыраудың жұрнақтары бар екенін паш етті. 

З. Санай