Негізгі / Жаңалықтар / Алматыда «Жас Қанат» ықшам ауданының тұрғындары жолды өздері жөндеуге мәжбүр

Алматыда «Жас Қанат» ықшам ауданының тұрғындары жолды өздері жөндеуге мәжбүр

Алматыда «Жас Қанат» ықшам ауданының тұрғындары 10 жылдан бері жол азабын тартып келеді. Талай жылдан бері әкімдіктің құрғақ уәдесінен шаршадық дегендер, жолдарды өздері жасауға кіріскен. Әрі онда әлі күнге дейін ауыз су да, көше жарығы да жоқ.

Төзімі таусылған тұрғындар «Жас Қанат» ықшам ауданы құрылған кезден бері жүргіншілер жолы салынбағанын айтады. Сондықтан бастарын қатерге тігіп, бір жолмен жүреді. Күн ашықта шаңға көміліп, жаңбырда балшыққа белшесінен бататын тұрғындар енді кімнен көмек сұрарын білмейді.

Нұрбибі АЯЗБАЕВА, ЫҚШАМАУДАН ТҰРҒЫНЫ:

Балшыққа батып жатамыз, балалар аяғына салафан киеді, не канализация, не су жоқ, не асфальт жоқ сұмдық қой Алматының іргесінде тұрамыз. 

Тұрғындардың шамына тиген мәселе бұл ғана емес екен. Ықшам аудан көшелеріне әлі күнге дейін жарық тартылмапты. Қараңғы түссе көше бойында соқыртеке ойнағандай күй кешеміз дейді ашынған тұрғындар. 

Айман БАЙШАПАНОВА, ЫҚШАМАУДАН ТҰРҒЫНЫ:

Мен соғыс ардагерімін 85 жастамын. Зейнетақы аламын. Бірақ ай сайын алатын ақшамның бәрін осы ықшам ауданға құртудамын. Көшеге жарық тартылмаған, кәрі адам болған соң қиын ғой. Мемлекет жасап беру керек қой. 

Гуля БЕРІСТЕМБАЕВА, ЫҚШАМАУДАН ТҰРҒЫНЫ:

Ықшам ауданның жанынан тоғыз қабатты үй тұрғызбақ болып, құрылыс жұмыстарын бастады. Содан бері техника гүрілі мен дірілінен көз ашпадық. Үйіміз күнде сілкініп, терезелеріміз сынып бітті. 

Наразы топтың жекеменшік жерді үш метрлік қоршаумен қоршаған құрылыс компаниясының жұмысы осыдан екі жыл бұрын басталды дейді. Құзырлы мекеме өкілдері болса, тұрғындардың жанайқайын жетік білетіндерін жасырмай отыр. 

Айдос БЕКЕТАЕВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ТҮРКСІБ АУДАНЫ ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ КОММУНАЛДЫ-ШАРУАШЫЛЫҚ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Халықтың 538 үйі сусыз отыр. Өздері құдық қазып қолданып отыр. Энергетика басқармасынан қазіргі таңда қаржы бөлінді. Ауыз су құбырын кәріз құбырын жүргізген соң, жол салып береміз. 

Осылайша, жоспарға сай жұмыс істеп жатырмыз деген әкімдік өкілдері, бар үмітті келер жылға артып қойды. 

Ә. Лесбек