Негізгі / Жаңалықтар / Солтүстік Қазақстандағы Якорь орта мектебінде жөндеу жұмыстары әлі біткен жоқ

Солтүстік Қазақстандағы Якорь орта мектебінде жөндеу жұмыстары әлі біткен жоқ

Солтүстік Қазақстан облысындағы Якорь орта мектебінде жөндеу жұмыстары бітпеген. Соған қарамастан оқушылар сабақты бастап кетті. Ата-аналар балаларының құрылыс жүріп жатқан жерде сабақ оқып жатқанына алаңдаулы. Білім ордасы неге дер кезінде тапсырылған жоқ? Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин мәселені тарқатып айтады. 

Қызылжар ауданына тиесілі Якорь ауылының орта мектебінде, балалар кешелі-бері жұмысшылармен қабаттасып жүр. Ғимаратты жөндеу жұмыстары әлі аяқталмаған. Мұны көрген кейбір ата-аналар мектеп табалдырығын енді ғана аттаған балғындарын сабаққа жіберуден бас тартқан.  

Анастасия ИСАЕНКО, ЯКОРЬ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Қыркүйектің бірі күні келіп едік, құрылыс жұмыстары бітпеген. Мектептің ішінде бояудың иісі шығады. Жұмысшылар әрлі бері жүр. Бірінші сыныпқа барғам қызым үйде отыр. Құрылыс бітпейінше, оны мектепке жібермеймін.

Надежда САДИЛОВА, ЯКОРЬ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Осы күнге дейін құрылыс жұмыстарын бірнеше адам ғана жүргізді. Оның өзінде жас жігіттер. Ал кәсіби мамандар жуырда ғана келді. Сондықтан жөндеу жұмыстары созылып кетті.

Жарты ғасыр бойы күрделі жөндеу көрмеген білім ордасының бүгінде әйнектері мен едені бастан аяқ жаңғыртылыпты. Алайда, бітпей қалған жұмыстары әлі де шаш етектен.  

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ: 

Құрылысшылар уақыттың тапшылығынан жұмысты шала-пұла істеп жатқан көрінеді. Оны кірпіштердің қисық қаланғанынан байқауға болады. Жалпы бүгінде Якорь орта мектебінде спорт залы, акт залы, асхана, интернат пен балаларға арналған шағын орталық дайын емес. Осындай ірі бөлімдердің әзір болмағаны оқу процессіне кері әсер етіп жатқаны анық.

Бөлмелердегі ауа температурасы орташа нормадан төмен. Оқушылар мектепте қабат-қабат киініп жүр.    

Құрмашке АЙСИН, ЯКОРЬ АУЫЛЫ ОРТА МЕКТЕБІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫСЫ:  

Қазір мектепте ауа температурасы 10-15 градус. Бүгін жылу қазандығы іске қосылды. Қазір мектептің іші жылынады. Құрылыс жұмыстарына байланысты сабақтардың уақыты отыз минутқа дейін қысқартылды.

Бас мердігер болса, құрылыстың кеш басталғанын айтты. Аталған мектеп бастапқыда жоспарға енбей, кейін үнемделген ақшаға жөндеу ұйғарылған. Құрылыс жұмыстары шілде де ғана басталыпты.  

Максим ПИМНЕВ, МЕРДІГЕРЛІК КОМПАНИЯНЫҢ БРИГАДИРІ: 

Жобалық-сметалық құжаттамада болған барлық жұмыстар бүгінде істелген. Ұсақ-түйек шаруалар ғана қалды. Ал спортзал, акт залы сынды бөлмелер жоспарға кейін қосылды. Оларды қыркүйектің онына дейін бітіреміз.

Жалпы, облыстық білім беру басқармасы Қызылжар өңірінде биыл 123 білім ошағында күрделі жөндеу жұмыстарын бастапты. Оның төртеуінде құрылыс әлі бітпеген.   

А. Құрманкин