Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Қарағандыда жаппай төбелеске қатысты айыпталушылардың бірі полициядан жәбір көргенін мәлімдеді

AstanaTV
04.09.2019ж. 20:00
2029
Қарағандыда жаппай төбелеске қатысты айыпталушылардың бірі полициядан жәбір көргенін мәлімдеді

Қарағандыда жаппай төбелес оқиғасына қатысты сот отырысы күтпеген жанжалдан басталды. Бұзақылық үшін айыпталып отырғандардың бірі- Каир Нәдірбеков, тергеу барысында полициядан жәбір көргенін мәлімдеді. Оның айтуынша, полиция майоры кінәсін мойындату үшін оны азаптаған. Шулы процестен оралған Айжан Қуаштың бейнематериалы. 

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:

Алдын ала сот отырысы уақытша қамау изоляторында өтті. 14 адам күдікті. Оның 13-і айыптау орындығында отыр. Ал, біреуі Ресейде қамауда. Оны экстрадициялау мәселесі әлі қарастырылып жатыр. 

Елде ұсталған Нурулу Юсифке «адам өлтіру», ал қалғандарына «алдын ала келісіммен топтасып бұзақылық жасау» айыбы тағылған. Сотталушылардың арасында Қазақстаннан басқа Ресей, Армения және Өзбекстан азаматтары бар. Бүгін қазақстандық Каир Нәдірбеков тергеу барысында полициядан жәбір көргенін мәлімдеді. 

Каир НӘДІРБЕКОВ, АЙЫПТАЛУШЫ:

Тергеуші менің пәтерімді тінту кезінде қабырғада ілулі тұрған пышақты салып жіберді. Бұл пышақты кейін қылмыстық іс материалына қосып қойған. Қамау кезінде Михайловкадағы полиция бөлімшесінің майоры кінәмді мойындату үшін екі сағат бойы ұрып, соғып азаптады. Аты- жөнін білмеймін, Тойота 50 маркалы көлігі барын білемін. 

Еске салсақ, Жаңа жыл түнінде «Древний Рим» мейрамханасында екі топ арасында төбелес болды. Сол кезде 23 жастағы Рахымжан Жансейіт пышақ жарақатын алып, оқиға орнында көз жұмған еді. Мейрамхана қонақтары жанжалға ұлтаралық араздық себеп болды, деді. Осыдан кейін Қарағандыда жүздеген адам орталық көшеге шығып, төбелестің әділ тергелуін талап етті. "Адам өлтірді" деген күдікке іліккен Нурулу Юсифтің анасы журналисттерге сарапшылар айыпталушының пышағын дұрыс тексермегенін жеткізді.

Сара МУХТАРОВА, НУРУЛУ ЮСИФТІҢ АНАСЫ:

Пышаққа алдымен малекулалық сараптама жасалмаған. Ұлымның пышағын алған соң, қайтыс болған жігіттің жарақатына тығып көрген. Содан кейін сараптамаға жіберген. Бұл жағдайда әрине, пышаққа оның қаны жұққаны анық. Бұл үлкен қателік. Балам төбелескен, пышағы болған мойындаймыз. Бірақ ол кісі пышақтамаған.

Айыпталушылардың адвокаттар қылмыстық іс материалында дәлел жеткіліксіз дегенді алға тартып, істі қайта қарауға жіберуді сұрады. Сондай-ақ 8 ай бойы қамауда отырғандарды изолятордан босатып үйқамаққа алынса деді.

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:

Келесі сот отырыс жұма күні өтеді. Сот айыпталушы тараптың өтініштеріне қатысты шешімін сол күні жариялайды. Мұнымен қоса полициядан жәбір көрдім деген өтінішке қатысты да қандай да бір шешім шығарылуы мүмкін.

А. Қуаш