Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Қызылжарда тәртіп сақшылары 17 келі есірткі тәркіледі

AstanaTV
05.09.2019ж. 20:00
2972
Қызылжарда тәртіп сақшылары 17 келі есірткі тәркіледі

Қызылжарда тәртіп сақшылары 17 келі есірткі тәркіледі. Марихуана мен гашишты бұрын сотталған азаматтар таратып келіпті. Аймақ жұртын елең еткізген оқиға жайында Абзал Құрманкиннің репортажында.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Бәзбіреулер саяжайда көкөніс өсіріп әуреленсе, енді бірі оны есірткі қоймасына айналдырған. Жұрттың жағасын ұстатқан есірткі сатушылары сауданы Петропавл түбіндегі саяжайлардың бірінде жүргізіп отырған. Полицейлер пысықайларды жарты жыл бойы аңдып жүріпті. Ақыр аяғында заңсыз саудагерлер ірі партияны өткізіп жатқан жерінде құрықталған.

Жедел іс-шараның нәтижесінде есірткінің бақандай 17 келісі тәркіленді. Артынша күдіктілердің үйін тінту кезінде зиянды заттың тағы бес келісі табылған болатын. Маңайдағы тұрғындар болса, ескірткі саудасы жөнінде бұрын-сонды естімегендерін айтады.  

Геннадий КРИВОНОГОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: 

Полицейлер екі жігітті ұстап жатқанын байқадым. Мен оларды бұл жақта бірінші рет көрдім. Мына жерде үй салып жатырмын. Өткен-кеткен кісілердің барлығын көріп отырамын.

Александр ЧЕРНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Осында отыз жылдан астам уақыт тұрамын. Есірткі саудасы жөнінде естімеппін. Бұл жақ ылғи тиыш болатын.

Ұсталған қос азаматтың біреуі осыған дейін де есірткі саудалағаны үшін жазасын өтегеі белгілі болды. Күдікті екі ай бұрын босап шығып, теріс әрекетіне қайта кіріскен көрінеді. Енді қос азамат он бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.  

Данабек УДЕРБАЕВ, ПЕТРОПАВЛ қ. ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ КҮРЕС БӨЛІМІНІҢ ЖЕДЕЛ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Үстіміздегі жылдың 28-тамызы күні 10 кг марихуана және 2 кг гашиш есірткі заттарын іске асыру кезінде бұрын ұқсас қылмыс үшін сотты болған облыс орталығының тұрғындары ұсталды. Олар Түркістан облысының тумалары. Осы іс бойынша ҚР қылмыстық кодексінің 297 бабы 3 бөлімімен көзделген белгілері бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Жалпы, аймақта жыл басынан бастап есірткі саудасына қатысты 130-ға жуық құқықбұзушылық анықталып, заңсыз айналымнан зиянды заттың 200 келісі тәркіленген. Арам пиғылы үшін ұзын саны 83 адам жауапқа тартылыпты.  

А. Құрманкин