Студиямызға кеңесте сөз сөйлеген саясаттанушы, BTS Digital білім беру жобасының жетекшісі Саясат Нұрбекті шақырып отырмыз. Кеш жарық! Өз сөзіңізде сіз министрліктер адами капиталмен жұмыс жасай алмайды дедіңіз. Осы ойыңызды тарқатып айтсаңыз?
Саясат НҰРБЕК САЯСАТТАНУШЫ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ СЕНІМ КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ:
Адами капитал - өте күрделі түсінік. Яғни ол тек қана білім саласы, тек қана денсаулық емес. Ол бірнеше министрліктің, бірнеше мемлекеттік органның бірнеше бағыттан құралған сондай күрделі құбылысы негізінде. Оның ішінде білім саласы бар, денсаулық сақтау саласы бар, еңбек нарығы, еңбек құрылымы, еңбек заңнамасы, жұмыспен қамтамасыз ету, қайтадан біліктілікті арттыру. Яғни 5-6 үлкен министрліктің жұмысы. Осы кезде өкінішке қарай, біз адами капиталды кешенді түрде, осы министрліктер байланыста болып, мақсаттарын бір-бірімен үйлестіріп, жұмыс істемейді. Мен соны айттым. Осы мәселеге үлкен сабақтасқан жоспар ретінде қарамаймыз. Сондықтан менің бірінші міндетім - Президент мырзаның назарын осы мәселеге аудару, осы нәрсені көрсету. Осы бағытта өзіміздің бірнеше ұсыныстарымызды бердік.
- Білім беру саласына қатысты. Неліктен біздің қоғамда білімге сұраныс жоқ?
Өкінішке қарай, осы жердегі ең үлкен үйлеспеушілік, ең күрделі проблема - білім беру саласы мен еңбек нарығы бір-бірімен тығыс байланыста емес. Негізінде біз не үшін оқимыз?- дейді. Жақсы жалақы, жақсы жұмыс табу үшін, солай ғой?! Бірақ бұл жерде бір ғана құжат қалды. Еңбек кодексінде еңбек нарығына кіру үшін сізге тек қана бір құжат керек, бір ғана қағаз керек. Ол - жоғары білім туралы диплом. Бірақ ол дипломның қандай болғаны, қандай мамандықта болғаны, қандай сапада болғаны туралы көп адам ондай шарт қоймайды. Неге десеңіз? Басқа шарт жоқ. Тағы да бір үлкен мәселе – структуралық түрде қарасаңыздар, бізде жоғары білімді мамандықтар мен төменгі білімді мамандықтардың арасындағы жалақылар айырмашылығы өте төмен. Мысалы, дәрігер мен жүргізуші араларында 20 ғана пайыз. Араларында қанша айырмашылық. 10 жыл оқиды дәрігер. Ал мысалға, дамыған елдерде Германияда 171 пайыз, АҚШ-та 200 пайыздан астам, Бразилияның өзінде 160-170 пайыздан астам. Яғни сен 10 жыл оқып, инемен құдық қазғандай білімге жетсең, онда әрине нарықтағы бағаң да басқаша болады. Өкінішке қарай, бізде бір топ мамандықтардың арасындағы мәртебе, жалақы айырмашылықтары үлкен емес.
- Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жұмысы қолға алынғанымен, соңы азаматтардың наразылығын туындыруы мүмкін дедіңіз. Неліктен?
Бұл тек қана менің жеке пікірім емес. Әлеуметтік-мәдени топтың ішінде бірнеше әріптестерімізбен ақылдастық, қарадық, сезіндік. Адамдардың осы реформаға дайын еместігін көрдік. Керекті көлемде ақпараттық жұмыс жүргізілген жоқ. Цифрландыру да тиісті деңгейде емес. Сондықтан біздің үлкен қауіп-қатеріміз осы реформа 2020 жылдан енгізілген жағдайда 1 миллионға жуық адамдар сақтандырудан тыс қалады. Бұл өте үлкен наразылық тудыруы мүмкін. Сондықтан біздің міндетіміз – Президент мырзаның назарын осыған аудару, айту. Неге десеңіз, басқа сұрақтар өтіп кетуі мүмкін. Бірақ сіздің денсаулығыңызға тікелей зиян келген жағдайда адамдар наразылықты өте ашық түрде білдіруі мүмкін. Сондықтан осы мәселені де көтердік бүгін. Ұлттық кеңестің мақсаты – қоғамдағы сол қауіп-қатерлерді, институционалдық үйлеспеушілікті түсініп, ашып, көрсетіп және дәлелді түрде ұсыныс енгізу.