Көңілдесінің қолынан қаза тапқан оралдық Евгений Скипиннің туыстары- сот үкімімен келіспей отыр. Олардың сөзінше, қанқұйлы қылмыскерге ауыр жаза берілуі тиіс. Бірақ көңіл жарастырған «ғашығын» арақ ішіп отырып, 24 жерден пышақтап, ол аздай- шұңқырға тірілей тастаған келіншек он жылға сотталды. Тілшіміз жалғастырады.
Еркін КАРИН, ТІЛШІ:
Қанды оқиға мына үйде болған. Ерлі-зайыптылар осында бала-шағасымен пәтер жалдап тұрыпты. Сол қайғылы оқиғадан кейін мұна үйге ешкім қоныстанбаған. Қазір үйдің есігінде қара құлып тұр.
Сот кезінде мәлім болғандай, 35 жастағы Евгения Башарова көңілдесімен арақ ішіп отырып, сөзге келіп қалады. Дау төбелеске ұласып, келіншек күйеуін 24 жерден пышақтайді. Сосын денесін жертөлеге тастапты. Тіпті қылмысын жасыруға тырысып, үстінен диванмен бастырып қойған.
Бақыт ЕРМАХАНОВ, БҚО МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ ҚЫЛМЫСТЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:
Башарова күйеуінің дәрменсіз күйде екенін білсе де, оны өлтіріп тынады. Қылмысты саналы түрде жасаған. Әрі айғақты жасырғаны анықталды.
Сот күдіктіні «кісі өлтіру» бабы бойынша кінәлі деп тауып, он жылға соттады. Бірақ марқұмның туыстары мұнымен келіспейді.
Ардақ ДҮЙІСОВА, ЖЕЛЕЗНОВ АУЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ, МАРҚҰМНЫҢ ТУЫСЫ:
Қайным бұрын арақ ішпейтін. Сол әйелге үйленгелі бері ішімдікке салынды. Сот шешімімен келіспеймін. Өйткені ол әйел қылмысты саналы түрде жасады әрі біреудің көмектесуі де мүмкін. Өйткені мұның бәрін әйелдің жалғыз істеуі мүмкін емес. Бірнеше рет пышақтап, сосын полиция шақырса екен. 24 жерден пышақтау дегенің айуандық қой!
Марина СКИПИНА, МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ:
Ол ұлымды жертөлеге лақтырып тастаған. Баламды іздеп барған кезде жағдай осылай болды деп шынын айтса да болар еді. Ұлым бірнеше күн жердің астында жатты. Бұл кезде ана әйел үйінде алаңсыз тамақ ішіп, өліктің үстінен басып жүрді.
Он жылға сотталған Евгения Башарова маскүнемдіктен мәжбүрлеп емделеді. Ал тірі жетім қалған жеткіншектер балалар үйіне тапсырылыпты. Марқұмның анасы немерелерін өз қолына алмақ ниетте.
Е. Карин