Негізгі / Жаңалықтар / Питбуль талап тастаған 54 жастағы әйел көз жұмды

Питбуль талап тастаған 54 жастағы әйел көз жұмды

Таразда төбет ит талап тастаған 54 жастағы әйел көз жұмды. Америкалық қауіпті аңшылық ит тұқымына жататын питбуль адамдар араласпағанда қала тұрғынын жеп қоя жаздаған. Ауыр халде аурханаға жеткізілген әйелді дәрігерлер ажалдан арашалап қала алмады. Жантүршігерлік оқиғанының жай-жапсарын Данияр Әлімқұлдың тарқатады.

Кешкі сағат бестер шамасында көптен көмек сұрап жан ұшыра айқайлаған әйелдің даусы сілтідей тынған Сухамбаев көшесін басына көтереді. Адамнан итті айырып алуға ауылдастары асыққанымен танадай төбетке әлдері келмепті.  

- Ана бұрышта талап жатты. Содан сүйреп мына жерге алып келді. Мына араға алып келді. Сол кезде ломмен ұрдым, сезбеді мүлдем.

- Тістеген бергі жағы, кәдімгідей жеп жатты.

Итке таланған әйел мына үйдегі туған әпкесіне қонаққа келген екен. Көршілерінің сөзінше, олар жиі бас қосып, ащы судан ұрттайтын көрінеді. Бұл жолы да қызып алған әпкесі әпкесі ызақор итін айырып ала алмады дейді. Тәртіп сақшылары да шарасыз қалып, ақыры атып өлтіреді.

Дінмұхаммед САТЫБАЛДЫ, ТАРАЗ ҚАЛАСЫ №1 ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ 17-ШІ ТІРЕК ПУНКТІНІҢ УЧАСКЕЛІК ПОЛИЦИЯСЫ:

Көздеп аттым, содан кейін ол жарақаттанып, үйге кіріп кетті. Қайтадан шабуыл жасағандықтан, тағы да табелді қаруды қолданып, итті өлтіруге мәжбүр болдық. Жалпы қару 6 рет атылды. Қазіргі таңда ит иесін жауапкершілікке тарту үшін қылмыстық іс қозғалды

Данияр ӘЛІМҚҰЛ, ТІЛШІ:

Ақ желеңділердің айтуынша ауыр жарақат алған азаматша жансақтау бөліміне жатқызылады. Дәрігерлер төбетке таланған 54 жастағы әйелдің төменгі дене тұсынан түк қалмаған дейді. Табиғатынан қанқұмар ит тұқымына жататын питбуль белден төмен жұлмалап тастаған. 2 литр қан жоғалтқан науқас ауруханада көз жұмады.

Жандос РЫСҚҰЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ АУРУХАНА ХИРУРГИЯ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ: 

Науқас отадан кейін 4 сағаттан соң көз жұмды. Ол қатты қан жоғалтқандықтан геморрагиялық шок алған. Бұл дегеніміз ауыр травматикалық жарақат пен қан жоғалтудан шошынған қос бірдей шокқа жатады. Қазір патологиялық-анатомиялық зерттеу жүргізу үшін марқұмның денесі сот сараптамасына жіберілді.

Көрші-қолаңның сөзінше, аңшылық иттің иесі төбетті 4 жыл бұрын асырап алған. Қабаған ит үнемі қамауда болыпты. Жантүршігерлік оқиғадан соң қожайын үйінен ұшты-күйлі жоқ боп кеткен.

Д. Әлімқұл