Спорт Қазақстан
$448.56 €478.03 ₽4.79
×

Ұлыбританиядағы Вестминстер университетінің студенті «Nur Otan» партиясының қатарына қабылданды

AstanaTV
13.09.2019ж. 20:00
2263
Ұлыбританиядағы Вестминстер университетінің студенті «Nur Otan» партиясының қатарына қабылданды

Елбасыға хат жазған қандасымыз бүгін «Nur Otan» партиясының қатарына қабылданды. Шартарапта білімін шыңдап жүрген Ерлан Төлегенов осыдан бірнеше ай бұрын Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жолдаған. Бүгін жастармен арнайы жүздескен партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, Ерланға саяси ұйым билетін табыстады. Бұдан бөлек, Қазақ гуманитарлық заң университетінің ректоры да партия қатарына қабылданды. 

Ерлан Төлегенов Қазақ гумаритарлық заң унивеситетінің түлегі. Қазір Ұлыбританияның Вестминстер университетінде білімін жетілдіріп жүр. Талапты жас ел мүддесіне еңбек етуді көздейді. Озық оқу орнынан алған тәжірибесін саяси ұйыммен бірге іске асырмақ ниетте. Өзін партия қатарына қабылдауды сұрап, Елбасына хат жолдаған. Бүгін төсбелгіні қабылдау үшін шетелден бас қалаға арнайы келіпті.  

Ерлан ТӨЛЕГЕНОВ, ВЕСТМИНСТЕР УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ: 

Қоғамға пайдасын тигізер өз ұсынысымды енгізгім келеді. Осы мақсатта Елбасына хат жазуды ойладым. Бүгін партия қатарына қосылғаныма өте қуаныштымын. Бұл - үлкен жауапкершілік. Үміттің үдесінен шығуға тырысамын.

Партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, университет жастарымен жүздесті. Жоғарғы оқу орындарындағы жемқорлықты жойып, ашық қоғам қалыптастырудың тиімділігіне тоқталды.  

Бауыржан БАЙБЕК, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ: 

Кейбір жоғары оқу орындарында проблема бар, ашықтық жоқ. Мәселе шешілмейді. Білім сапасы тиісті деңгейде емес. Жатақханамен қамтамасыз ету қажет. Мұндағы заманауи технологиялар білім сапасын арттырып, сыбайлас жемқорлықты жойып, қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін қажет.

Мұнан бөлек, құқықтық мәдениетті дұрыс қалыптастырудың маңызын сөз етті. Осы тұрғыда партияның атқарып жатқан жұмыстарын саралады.     

Бауыржан БАЙБЕК, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ: 

«Nur Otan» партиясының өз құндылықтары бар. Ең басты құндылық - адам мен оның құқығы мен бостандығы, заңның үстемдігі. Біз құқықтық мемлекет құрып жатырмыз.

Партия төрағасының бірінші орынбасары, университет қабырғасында ашылған коворкинг орталығын аралап, оның жұмысымен танысты.  

А. Бектас