Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Биыл Алматыға 400 мыңдай шетелдік турист келген

AstanaTV
13.09.2019ж. 20:00
2501
Биыл Алматыға 400 мыңдай шетелдік турист келген

Биыл Алматыға 400 мыңдай шетелдік турист келген. Туристтік қауымдастықтың дерегінше былтырғымен салыстырғанда биыл қыдырып келген қонақтардың саны 15 пайызға көбейіпті. Мегаполистің сұлулығын тамашалауға қызыққандардың дені - Ресей, Қытай мен Өзбекстан елінің азаматтары. Шетелден келген әр турист қанша қаражат тастап кетеді? Бұл сауалға жауапты келесі бейнематериалдан табасыз.

Соңғы үш жылда Алматыға ағылған шетелдік туристердің саны көбейген. Заманауи инфрақұрылымның арқасында мегаполис меймандар үшін тартымды болды, дейді мамандар. Әрі теңгенің әлсіреуі де оң әсер еткен. Шетелдік туристердің саны 15 пайызға артыпты. Мұндай жағдай Алматыда соңғы он бес жылда алғаш рет байқалып отыр, дейді туристтік қауімдастық өкілдері. 

- Туристердің дені - Ресей азаматтары. Олардың саны 100 мыңнан асады. Екінші орында Қытай, ал үшінші орында Өзбекстан тұр.  

Рашида ШАЙКЕНОВА, ҚАЗАҚСТАН ТУРИСТІК ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ:  

Бұған дейін шалғайдағы шет мемлекеттердің туристері көп келетін. Қазір жағдай өзгерген. Көрші елдер азаматтарының сапарлауы жиіледі. Бұған елімізге визасыз кіруге болатыны және бағаның арзандығы әсер етіп отыр. Өйткені Еуропамен салыстырғанда біздегі баға әлдеқайда арзан. Туристердің көбеюі осыған байланысты.

Қауымдастық дерегінше, туристердің басым бөлігі - іскер азаматтар. Яғни, шетелдіктер елімізге келісім-шарт жасауға немесе түрлі конференцияларға қатысуға келеді. Биылдың өзінде Алматыда осындай мақсатпен 21 мың адам болған.  

Рашида ШАЙКЕНОВА, ҚАЗАҚСТАН ТУРИСТІК ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ:  

Қалада инфрақұрылымды жақсартуға көп күш салынуда. Соңғы кездері хостелдердің саны да күрт көбейгені байқалды.

Алматыға келген шетел мейманы орташа есеппен 700 долларын қалдырады. Оңтүстіктегі көрікті қалаға Түркия, Үндістан, Оңтүстік Корея мен АҚШ азаматтары да қызығушылық танытады екен. Демек болашақта сырттан келушілер әлі де көбейері сөзсіз.  

А. Нуртазина