Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Қызметтік таяғын инкассатор көлігіне лақтырған оралдық полицей жазасыз қалмайды - БҚО Полиция департаменті

AstanaTV
16.09.2019ж. 20:00
2237
Қызметтік таяғын инкассатор көлігіне лақтырған оралдық полицей жазасыз қалмайды - БҚО Полиция департаменті

Ала таяғын инкассатор көлігіне лақтырған оралдық полицей жазаланады. Оның ісі тәртіптік комиссияда қаралмақ. Бұл туралы Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті хабарлайды. Тәртіп сақшысын не күтеді? Ал, оның бұйрығына бағынбаған инкассатор көлігінің жүргізушісі жазадан құтыла ма? Әріптесім Еркін Карин біліп қайтты.

Әлеуметтік желіде әп-сәтте жұлдыз боп шыға келген полицей - осы жігіт. Айтуынша, жабық тұрған көшеге өтем деп айтқанына көнбеген көлік жүргізушімен сөйлесіп тұрған. Сол кезде инкассатор көлігі, оны айналып жабық көшеге өтіп кетті. Ол "қолымдағы алатаяғын лақтырмадым, тек тәртіп бұзған көлікті тоқтатам" деп сермеген кезде қолымнан шығып кетті,- деді. 

Нұрлан ДҮЙСЕНОВ, БҚО ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ: 

Ешкімге таяқ лақтырмадым. Қолымды сермегенде уысымнан шығып кетті. Қас қылғандай бауы да үзіліп қалыпты. Полицияда жұмыс істегеніме 10 жылдан асты. Мұндай жағдай алғаш рет кездесіп отыр.

Қазір осы оқиға ізімен қызметтік тексеріс басталған. Полиция департаментіндегілер дауға себепкер көліктер бұйрыққа бағынбай, ереже бұзғанын айтты. Екі жүргізушіге де айыппұл салыпты. 

Манарбек НӘЖИЕВ, БҚО ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бірінші бап бойынша 3 780 теңге айыппұл, екінші бап бойынша 37 875 теңге айыппұл салынып отыр. Сөйлесу кезінде мына әкімшілік істі қозғау кезінде ешқандай полиция қызметкеріне өзінің қарсылығын наразылығын білдірген жоқ бұл жүргізуші. Тек қана өз кінәсін мойындады.

Инкассаторлық фирманың өкілдері де өз қызметкерлерінің кінәсін мойындады. Мұндай жағдай қайталанбауы үшін шара қолданамыз деп сендірді. 

Павел АГЕЕВ, ИНКАССАТОРЛЫҚ ФИРМА БАСШЫСЫ: 

Жүргізушіміз бен инспектор бірін-бірі дұрыс түсінбеген. Инспектор басқа көлікке алаңдап кеткенде, біздің жігіттер онысын «жүре бер» деп түсініп, орнынан қозғалып кеткен. Енді ұжымды жинап, жиналыс өткіземіз. Кінәлілердің ісін қараймыз.

Жалпы өңірде құзырлы органдардың қатысуымен болатын оқыс оқиғалар аз емес. Бұған дейін бастығына өкпелі қызметкері оны қызметтік қаруымен атып өлтіргені үшін 13 жылға сотталса, қаланың қақ ортасында әріптесін пышақтамақ болған полицейлер қызметінен қуылды. Енді қолындағы таяғына ие бола алмаған инспектордың кінәсі дәлелденсе, қатаң сөгіс берілуі мүмкін. Оның мәселесін тәртіптік комиссияда қарамақшы.  

Е. Карин