Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Қарағандыда туған қызын кепілге алған ер адам 6 жылға сотталды

AstanaTV
16.09.2019ж. 20:00
3434
Қарағандыда туған қызын кепілге алған ер адам 6 жылға сотталды

Қарағандыда туған қызын кепілге алған әкесі 6 жылға сотталды. Әйелімен сөзге келіспей қалған ол 2 жастағы бүлдіршіннің мойнына пышақ тіреген. Қазыбек би атындағы қылмыстық істер бойынша ауданаралық сот отырысынан оралған әріптесім Айжан Қуаш тақырыпты жалғастырады. 

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ: 

2 жастағы балғын отбасылық жанжалдың құрбаны бола жаздаған жантүршігерлік оқиға, биыл сәуір айында болды. 3 баланың әкесі 34 жастағы Жанболат Айдарханов ренжіскен соң, қашып кеткен әйелінен татуласуды талап етіп, кенже қызын кепілге алған. Бүлдіршіннің тамағына пышақ тіреп, бір бөлмеге тығылып отырып алды.

Отбасылық драма мына үйдегі пәтерлердің бірінде болған. Әжесіне қашып келген әйелінен кешірім ала алмаған күйеуі, алдымен баласын өлтіретінін айтып, туыстарына сес көрсеткен. Оны райынан қайтара алмаған жақындары полиция шақырады. Бұдан кейін ол мешітке баратын көлік талап етіп, кепілдегі қызын босатпастан, Алла үйіне келген. Осы жерде имам мен полиция жасағының келіссөзінен кейін ғана баланы босатқан еді. Полиция күдіктінің үстінен «адамды кепілге алу» бабымен қылмыстық іс қозғады. Бүгін 3 баланың әкесіне сот 6 жылға сотталатынын хабарлады.  

Еркеш МӘУКЕН, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ: 

Ол кішкентай кәмелетке толмаған баласын кепілге алған. Қару қолданып. Бұл қоғамдық тәртіпке қарсы террористік қылмыс санатына жатқандықтан сот шартты түрде жаза тағайындамайды. Сот үкім шығарғанда Айдархановтың бұрын сотталмағаны, өзінің кінәсін толық мойындағанын ескерген.

Психологтардың айтуынша, адамдардың мұндай өрескел әрекеттерге баруына көп жағдайда әлеуметтік, қаржылық қиындықтар себеп болады. Тұрмыс тауқыметінен жүйкесі жұқарған адамдар, проблеманы шешуде әлсіздік танытады. 

Нина ЮРКОВЕЦ, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАЛЫҚ №3 ЕМХАНА ПСИХОЛОГЫ: 

Қоғамдағы әлеуметтік ахуал күрделі. Қаржылық, экономикалық қиындықтар адамның жүйкесін жұқартады. Қиын жағдайға тап болған адам не істерін білмегендіктен кез- келген әрекетке баруы мүмкін. Бұл жеңіл жүйке жұқарудан бастап, ауыр экстремалды қадамдарға дейін апарады.

Мамандар жұртты емханаларда ашылған тегін психологиялық көмек бөлмелерінен кеңес алуға шақырады. 

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ: 

Қарағандыда бұдан басқа «Құқық қорғау қызметтерінің орталығы» да жұмыс істейді. Онда қорғаушы, прокурор, полицей және психолог мамандар қиын жағдайға тап болған тұрғындарға тегін көмек көрсетеді.

А. Қуаш