Қытайда істі болған Ақжарқын Тұрлыбай ақталмаса, елге қайтарылуы мүмкін. Ал қашқын банкир Мұхтар Әбләзов пен Виктор Храпуновтың істері шетелдік құқық қорғау органдарына жіберіледі. Мұны Мәжілістегі отырыстан кейін Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов айтты. Ал Украинада бой тасалап жүргендер енді елге қайтарыла ма? Бүгін төменгі палата депутаттары Қазақстан мен Украина арасында қылмыскерлермен өзара алмасу туралы шартты ратификациялады.
Данияр ҚАЙЫРТАЙ, ТІЛШІ:
Енді Украинада бой тасалап жүрген қылмыскерді елге қайтару үшін оны 1 жылдан артық мерзімге бас бостандығынан айырса жеткілікті немесе сотталған азаматтың жазасын өтеп жүргеніне 6 айдан асуы керек. Мәжіліс мақұлдаған құжатта тараптардың азаматты экстрадициялаудан бас тарту жағы да қарастырылған.
Қазір екі ел арасындағы мұндай мәселелер Минск конвенциясы арқылы шешіліп келеді. Осы шартқа сәйкес бұл мемлекет соңғы үш жылда 6 қылмыскерді ұстап берген. Олар енді жазасын Қазақстанда өтеп жатыр деді Бас прокурордың орынбасары. Қазірдің өзінде елде іздеу салынған 6 азамат Украинада тығылып жүр. Заңды талқылау барысында төменгі палата төрағасы баяндамашыдан сол қылмыскерлерге қатысты жазадан бұлтартпау шарасы неге қолданылмай жатқанын сұрады.
Нұрлан НЫҒМАТУЛИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
Вон у нас есть, сбежала парочка одна, как осень-весна возбуждается у них видимо. Ерунду несут всякую и мы все смотрим в Youtube, еще что-то. Засудили, сюда их к ответсвенности. Почему мы до сих пор никак не можем выдачу наших граждан?
Марат Ахметжанов өзі таныстырған Заң жобасы мақұлданса, ол азаматтарды елге қайтаруға мүмкіндік туатынын айтты. Алайда қылмыскерлер саяси босқын деп танылса, экстрадициялануға жатпайды деді. Бұдан бөлек, қашқын Әбіләзов пен Храпуновтарға қатысты іс материалдары шетелдегі органдарға жіберілетінін де айтты. Бірақ алдымен оларды экстрадициялауға күш салынбақ. Прокурор Қытайдағы қылмысы үшін айыпталып жатқан Ақжарқын Тұрлыбайды да елге қайтару туралы өтініш жолданатынын жеткізді. Десе де, біздің билік оның ақталуынан да үмітті екенін жасырмады.
Марат АХМЕТЖАНОВ, ҚР БАС ПРОКУРОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Қытаймен сотталғандарды елге қайтару туралы екіжақты келісіміміз бар. Қазір оның ісі үкімге шағым түсіру сатысында тұр. Сондықтан Қытай сотының үкімін күтеміз. Егер ақталса, жақсы. Егер сотталса, оның бізге арыздануына болады. Сөйтіп біз оның жазасын Қазақстан аумағында өтеуіне сұраныс жолдаймыз.
Данияр ҚАЙЫРТАЙ, ТІЛШІ:
Депутаттардың мәліметіне сенсек, қазір 2 жарым мыңнан астам Қазақстан азаматына іздеу салынған. Ал бүгін Мәжілісте мақұлданған құжатқа ұқсас шарттар бұған дейін 21 елмен жасалынды. Енді Малайзия, Грекия және Кипрмен келісімге отыру көзделіп отыр.
Д. Қайыртай