Атырауда үйде босанатын әйелдердің саны азаймай тұр. Былтыр 36 ана үйінде немесе жолда нәрестелі болған. Ал, биыл 9 айда 30 нәресте перзентханадан тыс жерде өмірге келген. Аналардың перзентханадан қашу себебі не? Үйде босану қауіпті ме? Атыраулық тілшіміз Базаргүл Нәдірқызы осы сауалдарға жауап іздеді.
Анар осыдан бірнеше ай бұрын төртінші сәбиін дүниеге әкелген. Ай-күні жеткенін білсе де, перзентханаға баруға асықпапты. Толғағы жиілегенше үйде күткен. Ауырсынуы ұзаққа созылмай, үйінде босанып қалғанын айтты. Жедел-жәрдемді де өзі шақыртыпты.
Анар, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Үйдің тірлігімен, баламды сабаққа апарып, тамақ пісіріп, толғағым қалай басталып кеткенін білмей қалдым. Бірақ енді, Аллаға шүкір, балам өсіп жатыр. Қалған үш балада да толғағым қысып жетіп жүрдім. Толғағым басталып кетіп перзентханаға.
Абырой болғанда сәбиі дін аман. Анасының да денсаулығы жақсы. Алайда бұл қауіпті,- дейді дәрігерлер. Мұндай жағдайдың бәрі бірдей сәтті аяқтала бермейтінін айтты. Жыл басынан бері дәрігерлерге перзентханадан тыс жерде дүниеге келген 20 шақалақ жеткізілген. Өкінішке орай, біреуі шетінеп кетті.
Гүлмира ӘБЕКЕЕВА, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ПЕРЕНЕТАЛДЫ ОРТАЛЫҚТЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ:
Кейбір балалар дене қызуы 34,35 градуспен түседі. Ол балаларды жылытып, стабилизация жасағанша біршама уақыт кетеді. Кейбір кездерде күрделі жағдайда необратимый процесске түсіп кетеді. Ол өте қауіпті балаларға. Инфекциялар да болуы мүмкін соның ішінде, травматизация болуы мүмкін, асфикция дейміз.
Ақ халаттылар перзентханаға асықпайтындар мен мүлдем бас тартатындардың азаймай отырғанын атады. Көп жағдайда өзін тәжірибелі санайтын көп балалы аналар немқұрайлық танытады. Ал дәрігер алдына мүлдем келмейтіндер, олар діни ағымдағы ақ жаулықтылар екен.
Меруерт ӨТЕҒАЛИЕВА, АТЫРАУ ҚАЛАЛЫҚ №4 ЕМХАНАНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Діни ағымда жүрген ата-аналардың ішінде жолдастары айтады: «Үйде босандырамыз, ауруханаға, перенаталдық орталыққа апармаймыз, үйде босандырып, жағдайын өзіміз қараймыз. Яғни ер адамдардың орталығында болмауы керек деген.
Жалпы облыс бойынша жыл басынан бері 30 ана үйде босанған. Дәрігерлер аналарға түсіндіру жұмыстарын жиі жүргізетіндерін айтады. Алайда нәтиже болмай тұр. Тіпті жүктілік кезінде есепке тұрғысы келмеген аналардың өзін күшпен тіркеуге алатындарын жеткізді. Біріннің жұмысына іздеп барса, енді бірін құқық қорғау органдарына шағымдану арқылы есепке алу жиілеген.
Б. Нәдірқызы