Негізгі / Жаңалықтар / Алматыды құлағалы тұрған үй тұрғындары баспананы апатты деп тануды сұрайды

Алматыды құлағалы тұрған үй тұрғындары баспананы апатты деп тануды сұрайды

Алматының Алғабас ықшамауданындағы 9 қабатты баспана бір жағына қарай жантайған. Тұрғындар бүгін дабыл қақты. Олар тез арада мамандардың тексеруін талап етеді. Қауіпсіздігі үшін алаңдаған халықпен тілдесіп қайтқан әріптесім Асем Лесбектің репортажы. 

Көп балалы ана Айдана Шуиншалиева Алғабас-6 ықшамауданына осыдан төрт жыл бұрын көшіп келіпті. Медицина қызметкері содан бері мемлекеттік бағдарламамен қол жеткізген пәтеріне талай жөндеу жұмыстарын жүргізген. Бұл жолы үйдің қисайғанын байқадым дейді.  

Айдана ШУИНШАЛИЕВА, ЫҚШАМАУДАН ТҰРҒЫНЫ: 

Мына үйдің қисайғанын біле тұра уайымсыз отыра алмаймыз, өйткені балалар үшін қорқамыз. Құм сияқты төгіле бастады. Қабырғалырның бәрі құлап, подъезд, үйдің іші.

Мұндағы жұрт шама-шарқымыз келгенше жөндеу жұмыстарын жүргізіп шаршадық деп отыр. Сапасыз құрылыстың кем кетігін толтырып жүргенде баспанамыздың бір жағына жантайып жатқаны, жығылғанға жұдырық бола ма деп қауіптенеді.     

Бағила САҒЫНДЫҚОВА, ЫҚШАМАУДАН ТҰРҒЫНЫ: 

Бізде балаларымыз бар қорқамыз әрине. Солар үшін. Мына қабырғаның астының бәрі карта сияқты су болып қалады. Жауын-шашын болады, қар. Жаңбыр болса қар болса суы кіреді.

Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:

Мұндағы пәтерлердің сиқы мынау. Едендері көтеріліп, қабырғалары көгеріп бос қақырап тұр. Тұрғындар бұл жерден сыз иісінен бөлек түрлі қоқыс қалдықтарын тауып алып жатамыз дейді.

Құрылысқа жауапты «Астана-Құрылыс» компаниясының басшылығы болса, баспаналардың сапасына шаң жуытпады. Айтуларынша тұрғындардың алаңдауына негіз жоқ.       

Мейіржан ТОСАНОВ, «АСТАНА-ҚҰРЫЛЫС» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ВИЦЕ ПРЕЗИДЕНТІ: 

Мына монолитный үйлер ешқашан құламайды мүлдем. Ол құлауы үшін крен 4,5 метр беруі керек. Сол кезде құлайды. Алаңдайтын ешқандай мәселе жоқ. Құрылысты түсінбегеннен кейін адамдар өздерінше айта береді, ауыздарына келгенін.

Қалалық әкімдік "Алғабас" ықшамдаудағы проблемамен етен таныс. Олар 9 қабатты 32 үйді өздерінің жіті бақылауына алған.   

Әділет ӘБДІҚАЛЫҚОВ, АЛМАТЫ қ. ЖАЙЛЫ ҚАЛАЛЫҚ ОРТА БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Отыз екі үйді осы екі апта бұрын бастағанбыз зерттеу жұмыстарын. Нөмірі 144-ші үй бойынша қазіргі таңда Алматы ген планда инструмент бар. Сол арқылы үйді аптасына бір рет тексерілуде. Ол ешқандай жылжым берілмеген.

Айта кетейік, бұл аталған ықшамаудандағы жұрттың зәресін ұшырған бірінші нысан емес. Бұған дейін, мұнда екі үйдің қабырғалары қисайып, апатты деп танылған болатын.  

Ә. Лесбек