Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Қаржы пирамидасына алданғандар, ақшасын талап етеді

AstanaTV
20.09.2019ж. 20:00
4301
Қаржы пирамидасына алданғандар, ақшасын талап етеді

Елордада «Алтын Орда» компаниясына тіркелген екі мыңға жуық адам, салған ақшаларын қайтара алмай отыр. Полиция алаяқтық бабымен іс қозғады. Арызданушы Гүлвира Ибраева 1 млн 800 мың теңге көлемінде ақша салған. Қазір ол компаниядан 1 млн теңгесін даулап жүр. Толығырақ тілші материалында. 

Астаналық Гүлвира Ибраева қаржы пирамидасының құрбаны. Ол «Алтын Орда» деп аталатын компанияға наурызда тіркелген. Талап бойынша 200 мың теңге беріп, астына адам жинауы шарт. Есесіне алтын бұйымдарын алады. Жалған ақпаратқа сенген ол, бір айда 8 туысы мен әлеуметтік желідегі 200-ге жуық оқырманын тіркейді. Осы еңбегі үшін 220 мың теңге айлық алады. Кейін мәселе күрделене береді.  

Гүлвира ИБРАЕВА, ҚАРЖЫЛЫҚ ПИРАМИДАНЫҢ ҚҰРБАНЫ: 

Екінші айдың айлығын беретін кезде бұлардың барлығы жоқ болып кетті. Ішінде Марал Кабдуловна Ахметжановна, Маманов Улан Бауыржанұлы, Айдос деген кісі бар. Бет перделерін шешкендерін көрдім, сол бастықтардың. Өз аттарына ЦОН-да ресми түрде құжаттарын жасап осындай бір-бір компания ашып алып, елді алдап отыр.

Бүгінде аталған компанияға тіркелген екі мыңға жуық адам сан соғып қалғаны белгілі боды. Пирамиданың белсенділері байланыс телефондарын өшіріп, кеңселерін жауып кеткен. "Қазір олар «Армаф Қазақстан» деген атаумен басқа компания ашып, халықты алдауын жалғастыруда",- дейді жәбірленуші Айдана Әбділдина.   

Айдана ӘБДІЛДИНА, ҚАРЖЫЛЫҚ ПИРАМИДАНЫҢ ҚҰРБАНЫ: 

Олар ешкімді аямайды. Бізден бөлек, Қырғызстанға барып, 200-300-ге жуық адамды пирамидаға тіркеді. Олар небір сұмдыққа барады, бізді қорқытып қоқан-лоқы да көрсетті.

Қаржы пирамидасына алданғандар, салған қаражаттарын қайтарып алу үшін құзырлы органдарға арыз жазған. Олар алаяқтардың жауапқа тартылуын талап етеді.  

Ғалымбек ҚОСМҰРАТОВ, НҰР-СҰЛТАН қ. САРЫАРҚА АУДАНЫ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ ТЕРГЕУ БӨЛІМІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Тергеу барысында Коканова «Алтын Орда» компаниясына жұмыс істеймін деп, алаяқтық жолымен ақшасын жымқырып алғаны анықталды. Қазіргі таңда тергеу әрекеттері жүріп жатыр.

Соңғы кезде алаяқтарға алданғандар көбейген. Бұған халықтың қаржылық сауаттылығының төмендігі себеп дейді сарапшылар.  

Сапарбай ЖҰБАЕВ, ЭКОНОМИСТ:

Халқымыздың кейбір топтары осындай еңбексіз табыс табуға бейімділігін әлі жоғалтқан жоқ. Қаржылық ақша жинау мәселесінде көбірек пайда ұсынса, уәде берсе, өзіңмен бірге адам жина десе бұл қаржылық пирамиданың белгісі. Одан қашу керек.

Психологтар алаяқтар қарапайым халықты әбден зерттеген, сондықтан олар түрлі айла-тәсілді пайдаланатынын айтады. Жылтырақ, түрлі-түсті жарнамаға сенуге болмайтынын ескертеді.   

Балабек САҚТАҒАНОВ, ПСИХОЛОГ: 

Алғаш келген адамдардың психологиялық қорғаныс механизмдеріне ықпал ете отырып, жалпы өмірге деген көзқарастарын өзгерту арқылы өздерінің қаржылық пирамидасына жұмыс жасауға итермелейді.

Жалпы елде қаржылық пирамидаға қатаң тиым салынған. Соған қарамастан оларға алданатындар қатары күннен күнге көбейіп келеді.