Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Қызылжардағы кәріз коллекторында ірі апат тіркелгені расталды

AstanaTV
17.10.2017ж. 20:00
2678
Қызылжардағы кәріз коллекторында ірі апат тіркелгені расталды

Қызылжардағы кәріз коллекторында ірі апат тіркелгенін сумен қамту кәсіпорны ресми түрде растады. Кәріз жүйесіне жауап беретін «Қызылжар су» серіктестігі өкілдерінің мәліметінше, «Солтүстік» коллекторы сыр берген. Яғни қалдық судың 70 пайызын қабылдайтын кәріз құбырында тесік пайда болып, лай судың ондаған текше метрі Есіл өзеніне құйылған.

Сергей Визеров, «Қызылжар су» ЖШС бас инженері:

Өзенге тек тұрмыстық қалдықтың суы ғана ақты. Себебі ол жақта химиялық заттармен жұмыс істейтін кәсіпорындар жоқ. Апат орнында жағымсыз иіс те сезілмеді. Бірден су сапасына сараптама жасадық. Су бүлінген жоқ. Тек қаладан 100 шақырым жерде орналасқан Долматов ауылында ғана өзен құрамында сәл өзгеріс байқалды. Бірақ оған даланың суы әсер етуі мүмкін. Біз өзенді улаған жоқпыз.

Дер кезінде қолға алынған жұмыстардың арқасында ақау екі сағаттың ішінде жойылды. Солтүстік коллекторы Есілдің төменгі жағында орналасқандықтан, петропавлдықтар тұтынып жүрген су ластанған жоқ, дейді жауапты кәсіпорын. Өзен Ресейге қарай ағады. Осыған байланысты қазір көрші елдегі Түмен облысының эпидемиологтары бақылауды күшейткен. Олардың пайымдауынша, судың құрамындағы ион-аммоний затының көрсеткіші қалыпты мөлшерден 1,5 есе артып отыр. Бірақ ауыз су тұтынуға әлі де жарамды, деп мәлімдеді Роспотребнадзор. Айта кетейік, төтенше жағдай қазанның 12 күні болған еді.