Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Ақтөбеде жаңа балабақшадағы 320 бала әуре-сарсаңға түсетін түрі бар

AstanaTV
17.10.2017ж. 20:00
3493
Ақтөбеде жаңа балабақшадағы 320 бала  әуре-сарсаңға түсетін түрі бар

Ақтөбеде жаңа балабақшадағы 320 бала  әуре-сарсаңға түсетін түрі бар. Себебі өткен жылы ғана мемлекеттік-жеке меншік әріптестік негізінде ашылған мектепке дейінгі білім беру ұйымын кәсіпкерден білім басқармасы сатып алған. Енді орнына дамуында тежелуі бар балаларға арналған арнайы мекеме орналаспақ. Ал ата-аналар бұл шешіммен келіспей отыр. Мәселенің мән-жәйін Жақсыбек Кемал анықтауға тырысты.

Балабақша «Батыс-2» деп аталатын жаңа элиталы ауданда орналасқан. Жаңа білім  мекемесі жыл басында сәбилерге құшағын айқара ашқан еді. Дегенмен ата-аналар мен балалардың қуанышы ұзаққа созылмады. Енді олар қайда барарын білмей жүр. Ал білім бөлімі ауыстырамыз деген бақшалар толық.

Гүлжанат Лепесова, ата-ана:

Жаңа ғана маңдағы садиктерге барып келдім. Барсам, 42 бала бір группада, «Айлинде». Тек қана 2 бала аламыз дейді. Сонда 300 бала қайда барады? Айтыңызшы? Біз садик болғасын, мектеп болғасын маңда, осы жерден үй алып отырмыз. Біз басын бастағаннан кейін қыркүйекте, жылдың соңына дейін балабақша болуын талап етеміз!

Ата-аналар өздеріне ұсынылған мектепке дейінгі ұйымдардың тым қашықта екенін айтады. Сондықтан тым болмаса балабақша жұмысын келесі жазға дейін тоқтатпауды талап  етіп отыр. Олар облыс басшысының атына арыз жазып дайындап қойыпты.

Бибігүл Ахметова, ата-ана:

«Поселок Жаңақоныс дейді. Сол жақта бір садиктер бар, бізді алуға дайын дейді. Бізге ол жаққа қатынау қиын. Ал мына садик үйдің қасында».

Балабақша ғимаратын кәсіпкерден білім басқармасы сатып алған. Жаңа жылдан бастап бұл жерге дамуында тежелісі бар балаларға арналған арнайы мекеме орналастырылмақ. Қазір еңбек демалысында жүрмін деген шаһардың бас мұғалімі жағдайды телефон арқылы түсіндіруге тырысты. Білгеніміз, қазір қала бойынша 28 мың сәби балабақша кезегінде тұр. Олардың барлығы толықтай, тек  2020-сыншы  жылдан кейін ғана мектепке дейінгі біліммен қамтылады. Ал «Нектар» балабақшасындағы 320 бала өзге білім мекемелеріне орналастырылады.

Индира Бексұлтанова, қалалық білім бөлімінің басшысы:

Ол ауданда «Малика», «Айлин» деген мектепке дейінгі ұйымдар бар. Сәңкібай батыр даңғылынан жаңа балабақшалар ашылады. Біз мекеме басшысына ата-аналармен жиналыс өткізіп, жағдайды түсіндіруді тапсырдық. Ешқандай бала үйде қалмайды.

Жақсыбек Кемал тілші:

Осылайша, тәрбиеленушілер жаңа балабақшаның қызығын жаңа жылға дейін ғана көрмек. Одан кейін басқа мектепке дейінгі ұйымдарға бөлінуге мәжбүр. Ал, ата-аналар: «Талабымыз орындалмаса, жауапты мекемелермен соттасуға да дайынбыз», -  деп отыр.

Жақсыбек КЕМАЛ