Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Атырауда жаяу жүргіншілер жолында жасөспірімді көлік қағып, қаза болды

AstanaTV
23.09.2019ж. 20:00
2975
Атырауда жаяу жүргіншілер жолында жасөспірімді көлік қағып, қаза болды

Атырауда жаяу жүргіншілер жолымен өтіп бара жатқан жасөспірімді, аса жоғары жымдамдықпен келген қымбат көлік қағып кетті. Колледж студенті оқиға орнында көз жұмды. «Камри-50» маркілі көлікті тізгіндеген кім? Әріптесім Базаргүл Нәдірқызы бұл сауалға жауап іздеп көрді.

Мына кадрларда қаралы оқиғаның қалай болғаны анық басылып қалған. Қос қымбат көліктің аса жоғары жылдамдықпен жүйіткіп келе жатқанын аңғару қиын емес. Соққының да ауыр болғаны соншалық, жасөспірім бірталай жерге ұшып кеткен. Ауыр жарақат алған студент оқиға орнында көз жұмды.    

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Бақытсыз жағдай орын алған жаяу жүргіншілер жолы - осы. Жасөспірімнің қазасына қабырғасы қайысқан атыраулықтар гүл шоқтарын қойып кеткен. Нұртаң сол күні сабаққа бара жатыпты. Бұрын - соңды сабақтан кешікпейтін студентінің жоқтығына алаңдаған ұстазы қоңырау шалады. Алайда телефон тұтқасын Нұртаң емес, полиция көтерді.

Саламат Мұқашев атындағы политехникалық колледжі ұжымы, қайғылы хабардан ес жия алар емес. Кіреберіске кенеттен қаза тапқан студентінің фотосын іліп қойған. Болашақ мұнайшы, 3 курста оқып жүрген. Бүгін оның орыны бос тұр. 

Қожас ДЕРБЕСІНОВ, С.МҰҚАШЕВ АТЫНДАҒЫ АТЫРАУ ПОЛИТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ ОҚЫТУШЫСЫ:  

Бұл болған оқиға бәрімізді естен тандырды. Ойламаған жерден Нұртаңнан айырылып қалдық . Жақсы бала еді, білімді, артық сөзі жоқ. Жолдастарымен қарым-қатынасы тамаша болды. Келешегінен үміт күттіретін бала еді. Заман талабына сай өсіп келе жатқан жас еді.

Жол ережесіне бағынбаған көлік жүргізушісін құзырлы органдар анықтаған. Тергеу изоляторына қамапты. Бірақ қымбат көліктің иесі кім екенін облыстық прокуратура тергеуге сәйкес ашып айтпай отыр. Қазір бірқатар сот сараптамалары тағайындалған.  

Қанат ҚАБДОЛОВ, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ПРОКУРОРЫНЫҢ АҒА КӨМЕКШІСІ:  

Аталған факті бойынша полиция органдарымен Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Сол күні Тайото автокөлігінің жүргізушісі Қылмыстық-процестік кодекстің 128-бабы негізінде уақытша ұстау изоляторына ұсталды. Келесі күні 22 қыркүйек күні тергеу сотымен күдіктіні күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды.

Жылдамдықты асырды деген екінші «Мерседес» автокөлігі де анықталып, айыптұраққа қойылыпты. Оның Камримен жарысқа түскені рас па, жоқ па, оны да тергеу анықтайтын болады. Ал арманы орындалмай жаяу жүргіншілер жолында қыршынынан қиылған жасөспірімнің денесі ертең, туған ауылы Құлсары қаласына жер қойнына тапсырылады.

Б. Нәдірқызы