$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Салық төлемеген кәсіпкерлердің дүниесін түгендеу басталды

AstanaTV
24.09.2019ж. 20:00
2664
Салық төлемеген кәсіпкерлердің дүниесін түгендеу басталды

Салық төлемеген кәсіпкерлердің дүниесін түгендеу басталды. Оралда мұндай берешек 3 жарым млрд тенгеге жеткен. Енді қарызды өндіріп алу үшін салықшылар олардың дүние-мүлкін тізімдеп жатыр. Бұл шара нәтиже бермесе, банктегі есеп-шоттары да бұғатталмақ.

Салықшылар мына кәсіпкердің тауарын тізімдеп, жалпы суммасы қанша құрайтынын бағалады. Заң бойынша ол енді бұл бұйымдарды сата алмайды. Тауар мемлекеттік реестрде тіркеліп, сатуға шығарылады. Берешек содан түскен ақшамен өтелмек. Салыққа қарызы 1 миллион теңгеден асыпты.   

Асылан, КӘСІПКЕР:  

Осы салада айналысқаныма бірнеше жыл болып қалды. Осы қарыз пайда болғандықтан, партнерларым қарыз болып қалды. Ақша ала алмай жатырмын солардан. Сосын қолымдағы тауар өтпей жатыр. Сондықтан қарыз болып қалды. Осы қарызды жылдамырақ жабуға тырысамын. 

Бүгінде қаладағы 3 мың 200 кәсіпкер салық берешегін өтемеген. Олар 3,5 миллиард теңге қарыз. Әзірге тек 1 мыңдай борышкердің дүние-мүлкінің есебі алынған. Қарызы қордаланғандарының банктегі есеп-шоттары да бұғатталады.  

Марат СҰЛТАНГЕРЕЕВ, ОРАЛ қ. МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:  

Жыл басынан бері борышкерлерге жүзден астам тізімдеме актісін жасадық. Бұл мүлік уәкілетті органдарда, әділет органдарында немесе полиция басқармасында мемлекеттік тіркеуден өткізілген. Жыл басынан бері берешек азаматтардан алынған дүние-мүлік 10 млн теңгеге сатылды. 

Қазір оралдық салықшылар борышкерлермен күресті күшейтті. Бұған дейін көлік салығын төлемегендердің темір тұлпарын тәркілген. Мамандар мұндай шара нәтижелі болғанын айтады. Өйткені жаяу қалғандар берешегін өтеуге асығады екен.   

Е. Карин