Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Арбаға таңылған азаматтар енді велосипедпен серуендеуі мүмкін

AstanaTV
17.10.2017ж. 20:00
2272
Арбаға таңылған азаматтар енді велосипедпен серуендеуі мүмкін

Арбаға таңылған азаматтар енді велосипедпен серуендеуі мүмкін. Қызылордалық Александр Ульяновский мүгедектерге арналған хендбайктер жасауды көздеп отыр. Өзі де он жыл бұрын көлік апатына түсіп, арбаға таңылған Александр кемтар жандарға осылай көмектесуді көздеген. Қолмен жүргізілетін велосипедтің қандай болатынын әріптесіп Шарипа Сақтапова да өз көзімен көріп қайтты.

Саша Огай бұған дейін арбадан басқа көлік құралын білмеген еді. Ал бүгін велосипед жүргізіп көрген жігіт «өзімді қанат біткендей сезіндім» дейді. Қолмен жүргізілетін ғажап құрылғымен бірге көкірегінде үміт пен сенім оянған.

Александр Огай, Қызылорда қаласының тұрғыны:

Әрине, арбамен алысқа бармайсын, жолда кедергілер де көп. Ал мынау құралмен біраз жерді аралауға болады екен. Алған әсерім де, көңіл-күйім де өте керемет.

Қолмен басқарылатын велосипед құрастырып шығаруды Александр Ульяновский тоғыз жылдан бері армандапты. Хендбайкті алғаш рет американдық бір блогердің сайтынан көрген.  Алғашында тек өзі үшін, яғни, аяқ қолы сау жолдастарымен бірге велоспортпен айналысу мақсатында жасауды ойлаған. Достары болса бұл жобамен кәсіпкерлер конкурсына қатысуға кенес беріпті.

Александр Ульяновский, Қызылорда қаласының тұрғыны:

Байқаудан біраз қаражат ұтып алдым, соған велосипедке қажетті құралдар алып, алғашқы сынақ үлгісін жинадық. Құрастыруға жарты ай уақыт кетті. Ендігі арманым - осындай велосипедтерді өндіріске енгізу. Мүгедектердің арқасында табыс табайын деген ойдан аулақпын, тек велосипедтер көптеп шығарылып, арба секілді тегін таратылса деймін. Спорт басқармасымен бірігіп жұмыс жасасақ деген де ойымыз бар.

София Теңізбаева,  «Содружество Кызылорда» ҚБ төрайымы:

Бұл жоба елімізде мүгедектер спортының жаңа түрін насихаттауға мүмкіндік береді. Осы сынақ түрін аяқтаған соң оны баршаға жария етеміз, сонда коммерциялық құрылымдар қызығады деген ойдамыз. Өйткені бұл - мәселенің тек әлеуметтік шешімі ғана емесбизнестің де түрі ғой.

Жобаны дәрігерлер де қолдады. Олар қолмен жүргізілетін велосипедтің көптеген пайдасы бар екенін атап өтті. Арбаға таңылған азаматтар қолдың бұлшық еттерін ширатып, қимыл қозғалыстарын жақсартады дейді олар.

Ғалия Абенова, невропатолог дәрігер:

Бұл тірек-қимыл аппаратының әрі қарай дамытуға жақсартуға бірден-бір құралы деп ойлаймын. Мысалы, біз тірек-қимылын қалпына келтіру бөлімшесі болып айналамыз, тірек-қимыл аппаратына біз көп уақыт жұмсаймыз. Медициналық аппаратта жасасақ, бүл жерде науқас өзі де жасай алады әрі спорттың бір түрі болып саналады.

Әзірше велосипедтің қарапайым конструкциясы ғана жасалған. Заманауи хендбайктарды кеңінен шығаруды көздеген жігіт желілерде өз ойымен бөлісіп, көптеген қолдаушыларға ие болды. Қалталы азаматтар арбаға таңылған отандастарына көңіл бөліп, қолдаса деген үміті бар. Егер барлығы ойдағыдай жүзеге асса, паралимпиада ойындарына қатысып,  Қазақстанның атын шығаруды армандайды.

Шарипа САҚТАПОВА