Негізгі / Жаңалықтар / Қызылжарда жаңадан соғылған балалар алаңқайлары қирап жатыр

Қызылжарда жаңадан соғылған балалар алаңқайлары қирап жатыр

Қызылжарда жаңадан соғылған балалар алаңқайлары, қирап жатыр. Бағасы сапасына сай емес. Жергілікті билік аулаларды жарақтандыруға биыл 200 миллион теңге бөлген. Қазір шаһарда жаппай шағын футбол алаңдары мен тренажерлар орнатылуда. Алайда, кейбіреулері сынып жатыр. Сапасыз жасалған ойын алаңдарына тілшіміз барды. 

Балаларға арналған ойын алаңдарын салу шаһарда тамызда басталған. Қазір жұмыс қызып тұр. Жоспарға сәйкес қала бойынша 50-ге жуық алаңқай тұрғызылмақ. Қоғамдық ұйым дерегінше, әрбіреуінің құны 2.5 миллион теңгенің шамасында. Алайда, құрылғылардың бағасы сапасына сәйкес келмей тұр, дейді олар. Бірі бүлініп, бірі батпаққа батуда.  

Динара МҮКІЖАНОВА, ТҰРҒЫН: 

Балаларым үшін алаңдаймын. Алаңқайды батпақтың қақ ортасына әкеліп тұрғызған. Маңай болса абаттандырылмаған. Бұл жерде көліктер батып жатыр. Батпаққа балалардың құлап кетпейтініне кім кепіл?

Дизайнерлік үлгіде жасалған балалар алаңқайларын жергілікті кәсіпорын шығарған. Арнайы құрылған бақылау тобы темір-терсекті екі есе арзанға алуға болатынын айтады.  

Руслан АСАУБАЕВ, АРНАЙЫ МОНИТОРИНГТІК ТОПТЫҢ МҮШЕСІ: 

Бір алаңқайдың құны 500 айлық есептік көрсеткіш, яғни 1.2 миллион теңгеден аспауы тиіс. әкімдік өкілдері бұл шектеу мән бермеді. Жемқорлық белгілері анық байқалады. Мердігерлерге авторлық құқық өте тез берілді. 22-ақпанда алды. Олар тез арада тікелей келісім-шарт жасасып, кейін іске асыра бастады.

Ал атқамінерлер болса, заң аясында жұмыс істеп жатқандарын алға тартты.   

Әсем АЙТУЛОВА, ПЕТРОПАВЛ қ. ӘКІМДІГІ ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ: 

ҚР мемлекеттік сатып алу заңының 39-бабының үшінші тармағына сәйкес, егер кәсіпорынның авторлық құқыққа арналған сертификаты болса, онда әкімдік мемлекеттік сатып алу жүйесіне жүгінбей, кез келген сомаға келісім-шарт жасауға құқылы.

Жергілікті билік қондырғыларды тиянақты тексеріп, жауапты кәсіпорынды қатаң жазалайтына уәде берді. Ал қоғамдық ұйым өкілдері егер балалар алаңқайы мемлекеттік сатып алуға шығарылса, онда қаржы әлдеқайда үнемделер еді деп отыр.  

А. Құрманкин