Алматыда қамауға алынған нөмірі төртінші қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері Қанат Тезекбаев қолхатпен бостандыққа шықты. Бұл туралы соттың ресми өкілі Дияс Махамбетов хабарлады. Бас дәрігер қалалық полиция департаменті бастығы Серік Күдебаевтың ұлының өлімінен кейін екі айға қамауға алынған еді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев істі зерттеуді тапсырған. Әсем Лесбек тарқатады.
Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:
Үш күн бұрын Алматы мамандандырылған ауданаралық тергеу соты Қанат Тезекбаевты екі айға қамауға алуды санкциялаған еді. Даулы оқиға тамыз айында көз жұмған қалалық Полиция Департаменті басшысының ұлы көз жұмғаннан соң басталды. Квадроциклмен жол апатына түскен марқұм Нұрсұлтан Күдебаевқа алғашында қалалық нөмірі төртінші клиникалық ауруханада ота жасаған.
Кейіннен, бас дәрігер Қанат Тезекбаев пен анестезиолог дәрігер Асқар Тұңғышбаев кәсіби міндетін дұрыс орындамады деген айыппен екі айға қамауға алынады. Бірақ бас дәрігердің жұбайы мен оның адвокаты сот шешімімен келіспей қаулы күшін жойған.
Дияс МАХАМБЕТОВ, АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ СОТТЫҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық тергеу соты Қанат Тезекбаев пен Асқар Тұңғышбаевты екі айға тұтқындау түріндегі бұлтартпау шарасын қабылдаған болатын. Алайда Қанат Тезекбаевке қатысты сот шешімі өзгертіліп, қолхатпен бостандыққа шықты.
Өйткені қамалған бас дәрігердің жары Дина Тезекбаева араша сұрап, Президенттің атына хат жіберген.
Дина ТЕЗЕКБАЕВА:
Нұрсұлтан Күдебаев Германияда қайтыс болғанан кейін күйеуім қызметінен түсіп қалды. Жол апатынан кейін Нұрсұлтан Күдебаев 7 қалалық клиникалық ауруханасына түседі, одан кейін №4 қалалық ауруханаға жеткізіліп, онда азаматқа ота жасалынады. Кейіннен, науқас Германияға жеткізілгеннен соң сонда көз жұмды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазір АҚШ-та жұмыс сапармен жүр. Ол Нью-Йорктен бұл істі құзырлы органдарға толыққанды қарауға тапсырма берді. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов та бақылауға алған. Дегенмен елдегі дәрігерлер тағылған айыптың негізсіз екенін айтады.
Вячеслав ЛОКШИН, ҚАЗАҚСТАН РЕПРОДУКТИВТІК МЕДИЦИНА ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ, ПРОФЕССОР:
Тағылған айыппен мүлдем келіспейміз. Неліктен неміс дәрігерлерін қамауға алмайды? Қанат Тезекбаев медицина саласында біліктілігі жоғары мамандардың бірі.
Ал даулы оқиға қатысты қалалық қоғамдық денсаулық басқармасы болса қандай да бір түсініктеме бере алмайтындарын жеткізді
Жанар МӘДИЕВА, АЛМАТЫ қ. ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫСЫ:
Нөмірі төртінші қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері Қанат Тезекбаев пен анестезиолог дәрігер Асқар Тұңғышбаевқа қатысты құқық қорғау органдарының тергеу шараларын жүргізілуіне байланысты біз ешқандай мәлімет бере алмаймыз.
Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:
Ал анестезиолог дәрігер Асқар Тұңғышбаев екі айға қамауға алынған. Оған Қылмыстық кодексінің 317-бабы 3-бөлігі бойынша, яғни кәсіби міндетін дұрыс орындамады деген баппен айып тағылған.
Ә. Лесбек