$510.06 €566.32 ₽6.32
×

"Nur Otan" партиялық бақылау комитетінің құрамы толықты

AstanaTV
26.09.2019ж. 20:00
1984
"Nur Otan" партиялық бақылау комитетінің құрамы толықты

Маслихат депутаттары халықпен тығыз жұмыс істеуі керек. Бұл туралы партиялық бақылау комитетінің отырысында Бауыржан Байбек ескертті. Оның айтуынша, тұрғындардың талаптарын орындау партияның негізгі міндеті. Сондықтан, аймақтағы қоғамдық қабылдаудың жұмысын күшейту керектігіне тоқталды. Енді, бұл жұмыстарды партиялық бақылау комитетінің жаңа басшысы Павел Казанцев қадалайды. Комитет отырысында талқыланған өзекті мәселелер жайлы тілшіміз тарқатады. 

Жиында жаңа төраға алдағы жоспарларымен бөлісті. Павел Казанцев партиялық бақылау комитетінің құрамын 5 адамға толықтырды. Оның айтуынша, 21 адамнан құралған жаңа құрам өңірлерде қызмет сапасына жауап беріп, өзара әрекеттестікті нығайтуға мүдделі болмақ.  

Павел КАЗАНЦЕВ, "NUR OTAN" ПАРТИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Жаңадан жасақталған бақылау комитетінің мүшелігіне партиядан тыс екі адам қабылданды. Комитеттің әр мүшесіне маңызды міндет жүктелген. Біріншісі өңірді дамыту болса, екіншісі сайлауалды бағдарламаның кез-келген бағыты бойынша өз ұсыныстарын жүзеге асырып, тәжірибе арттыру.

Партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, комитет мүшелері жергілікті жердегі азаматтардың мәселелерін шешуге күш қосу қажеттілігіне тоқталды. Биыл "Nur Otan" партиясының орталық аппаратына 140 мыңнан астам арыз-шағым түскен. Бұл тұрғындардың түйіткілдері шешілмей жатқанын білдіреді,- деді ол. Бауыржан Байбек комитет мүшелеріне мұны өз бақылауына алуын тапсырды.  

Бауыржан БАЙБЕК, "NUR OTAN" ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ: 

Егер қажет болса тағы бірнеше рет қозғап, партиялық жауапкершілік туралы мәселені одан әрі қою қажет. Егер мәселе партиялық бақылау комиссиясында айтылса, хаттама толтырылып, біз сөзсіз орындалуын қамтамасыз етуге тиіспіз 

Партия мүшелерінің кейбірі, азаматтарды қабылдауға келмейтін көрінеді. Жиында олардың аты-жөні де аталды. Бауыржан Байбек мұндай адамдар партия құрамында болмауы керек деді.  

Бауыржан БАЙБЕК, "NUR OTAN" ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Адамдар арасында тәжірибесі аз, бірақ жұмысқа құлшынысы жоғарылары көп. Көздері жанып тұрғандары қаншама. Алға жылжуға дайын тұрғындарды қатарымызға қабылдау керек. Олардың барлығына есік ашық.

Партия төрағасының бірінші орынбасары сөз соңында, партияға деген халық сенімін арттыру қажеттігін тағы ескертті. Оған саяси көшбасшылықты нығайту арқылы ғана қол жеткізуге болатынын жеткізді.