Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Шымкентте тұрмыстық зорлық-зомбылыққа төзбеген көпбалалы ана арнайы орталықты паналап отыр

AstanaTV
26.09.2019ж. 20:00
4620
Шымкентте тұрмыстық зорлық-зомбылыққа төзбеген көпбалалы ана арнайы орталықты паналап отыр

Шымкентте жеті баланың анасы барар жер, басар тау таппай отыр. Амалы таусылған ана шиеттей бала-шағасымен қазір мегаполистегі дағдарыс орталығын паналауға мәжбүр. Оның өзі уақытша. 

- Мен түгілі бала-шағаны да ұра береді ғой. Баланы бала демейді, қызды қыз демейд. Өзі екі қыз, бес балам бар, ол қыздарымды да ұрып неғыла бергеннен кейін қызым мектепті бітірді де «мама бүйтіп өмір сүргенше байға тиіп кеткенім артық деп жас кезінен байға тиіп кетті. 

Күйеуінен зәбір көрген көпбалалы Раушана үш айдан бері арнайы орталықты паналап отыр. Айтуынша, 21 жыл отандасқан күйеуі - маскүнем. Шаңырағымызды шайқауын қоймады деп отыр.   

Раушан ЖҮНІСБЕКОВА:  

Күйеуім сол жақта, үй соның атында. Сосын «Өрлеуге» малым бар еді, сиырым, бұзау бәрі сонда қалды ғой.

- Қайтып бармайсыз ба?

- Жоқ, бармаймын. 21 жыл тұрдым, көрсетпеген нәрсесі қалмады.

Қазір Раушанның қасында төрт перзенті бар. Оның екеуі мектеп жасында. Екеуін төркініне жіберген. Өзі дәмханада еден жуады. Елу орындық орталықта Раушанмен тағдырлас тағы сегіз әйел бар. Олардың жатын орны мен ішер асы тегін. Тағдыр тауқыметін тартқандар мұның өзі үлкен көмек екенін айтады.   

Әбдішәкір ИКРАМХАН, «САМҒАУ СЕНІМ» АРНАЙЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЗАҢГЕРІ: 

9 ана мен 27 кәмелет жасына толмаған бала арнаулы әлеуметтік қызмет алуда. Балаларды осы жерде гі орталыққа ыңғайластырылған Самал шағын ауданында 56 және 52 орта мектеп бар, сол мектептерге орналастырғанбыз. Және біздің Самал - шағын балабақшасы бар. сол балабақшаға балаларды орналастырамыз, келісім бар.

Қалай десек те, уақытша орталықты мұндағы әйелдер небәрі жарты жыл ғана тұрақтай алады. Раушанның қазіргі басты уайымы осы. Ол бұл жерді де босатуы тиіс. Қылышын сүйреп қыс келгенде қайда барып паналайтынын білмей дал.   

А. Төребекқызы