Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Солтүстік Қазақстанда Алтын Орда дәуіріне тиесілі мовзолей табылды

AstanaTV
02.10.2019ж. 20:00
2788
Солтүстік Қазақстанда Алтын Орда дәуіріне тиесілі мовзолей табылды

Солтүстік Қазақстанда Алтын Орда дәуіріне тиесілі мовзолей табылды. Қазылып бітпеген жерде хан тұқымы жерленген болуы мүмкін. Тіпті аумағы 10 шаршы шақырымдық ежелгі елді-мекен табылуы да ғажап емес. 14 ғасыр құпиясын қойнына бүккен қазба жайлы Абзал Құрманкин жалғастырады.

Селеті өзенінің бойында тарихи қорғандардың орналасқаны жайлы алғаш рет Әлихан Бөкейханов пен Әлкей Марғұлан жариялаған. Оны терең зерттеу үшін Солтүстік Қазақстан мен Павлодар облысының мемлекеттік университетінің мамандары бірлесіп, қыркүйек айында қазба жұмыстарын қолға алды. Нәтижесінде 14-ғасырға тиесілі ғибадатхана кешені табылды.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Мовзолей мындай қызыл кірпіштерден қаланған. Археологтардың айтуынша, оның пішініне қарап, Алтын Орда дәуіріне тән екенін аңғаруға болады. Орта ғасырлардағы барлық нысандар әрбір бүйірі 25 сантиметрден болатын осындай төртбұрышты материалдардан құрастырылған. Сондай-ақ аталған кешеннің ішінде табылған мындай шығырлар жергілікті тұрғындардың егін шаруашылығымен айналысқанын аңғартады.

Тимур СМАҒҰЛОВ, АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ТОП ЖЕТЕКШІСІ:

Қазіргі Уәлиханов ауданының жерінде жеті ғасыр бұрын арнайы сәулетшілер мен кәсіби құрылысшылар өмір сүргені анық. Себебі, биіктігі 10-15 метрлік нысанды салу қарапайым адамның қолынан келмейді. Бұл жерде егін шаруашылығы дамыған деп айтуға болады. Өйткені, кешеннің ішінде шығыр ыдыстары табылды. Ол тек су арнасында ғана қолданылатын заттар. Сондай-ақ, дрондардың көмегімен біз бұрыннан қалған арықтардың іздерін байқадық.

Қорғанның ішінде алтын мен күмістен соғылған әшекей-бұйымдар табылған. Бүкіл фактілерді жиыстырған археологтар бұл кесенеде Жошы ханның ұрпақтары жерленуі мүмкін деген болжам жасап отыр.

Анатолий ПЛЕШАКОВ, М. ҚОЗЫБАЕВ АТЫНДАҒЫ СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ:

Ғибадатхана Ислам дініне жатады. Бір қызығы, нысанның өзі мұсылмандардың сәулетіне тән болса, жерлеу рәсімі дінге жатпайтын ежелгі дәстүр бойынша жасалған. Ішінде бірнеше мазар табылды. Оны тереңірек зерттеуге уақыт тапшы болды. Бірақ, хан тұқымының жерленгені айдан анық.

Павлодар, Солтүстік Қазақсан мен Ақмола облыстарының қиылысында табылған ірі кешеннің бүгінде тек ұсақ бөлігі ғана қазылған. Сала мамандарының айтуынша, жердің астынан 10 шаршы километрге жайғасқан ежелгі елді-мекен шығуы мүмкін. Маңайда байқалған қосымша алты қорған бұған дәлел болса керек.

Құмар АҚСАҚАЛОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Келесі жылы студенттермен және осы экспедиция басшылығымен келісіп, тиісті қаражатты және ұйымдастыру жағынан да біраз көмектесетін боламыз. Бүкіл қазба жұмыстары аяқталған соң, ашық түрде үлкен музей болады деп ойлаймын. Қасиетті жерлерге ол міндетті түрде енгізілетін болады. Біз тиісті ұсынысты министрлікке жіберіп отырмыз.

Археологтар биылға қазба жұмыстарын тәмамдағанын айтады. Келесі жылға дейін бұзақылар тарихи ескерткішті тонап кетпес үшін кесене құммен көміліп, күзетке алынды.

А. Құрманкин