$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Тараз қаласы құрамындағы Қарасай алқабының халқы өркениеттен қалыс қалған

AstanaTV
03.10.2019ж. 20:00
4806
Тараз қаласы құрамындағы Қарасай алқабының халқы өркениеттен қалыс қалған

Таразда өркениеттен қалыс қалдық деген Қарасай алқабының халқы  шу шығарды. Ашынған адамдардың айтуынша, алқабтың қала құрамына қосылғанына ширек ғасыр болған. Алайда  ауылды жерде не мектеп, не медбекет пен балабақша атымен жоқ. Жолдың жыры мен көше  жарығының  жоқтығы өз алдына. Ал ауыз су мен автобус мәселесі де шешімін таппапты.  Қалада тұрып, шетте қалдық деп шулаған тұрғындардың базынасын Данияр Әлімқұл тыңдап келді.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ, ТІЛШІ:
 
Өркениеттен қалыс қалдық деп өре түрегелген тұрғындар қала құрамына қосылғаннан қайран болмады дейді. Ал әкімдердің әдетте айтатын жаттанды жауабынан жалыққан. Атқамінерлер жаңа аудандарды жаңалап, ескі аудандарға еш көмек көрсетпейді деп күйінеді. 

Жоғын түгендеген жұрттың  жанайқайын әкімдер естімей жүргеніне 25 жыл болған көрінеді. Өйткені қала құрамына 1994 жылы қосылғаннан бері биліктегілер бізге бет бұрмады деп ашулы. Тұрғындар осылай 7 шақырым жердегі көрші алқаптың мектебіне барып, жұмыстарынан жаяу қайтып сабылады.

Әділет БИҒАБЫЛОВ, ТАРАЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Мен қала әкіміне хат жаздым. Облыс әкімдігіне хат жаздым. Мына кісілердің бәрі қол қойды. 200 адамды әкел деді, қолын қойып апарып бердім. Қабылдамайды да, қарамайды да қағазымызға. Оның үсітне бізді қала деп атайды. Қандай қала, не мынау қала ма? Не бақша жоқ, не мектеп, не медбекет жоқ. Не дұрыс көше жоқ. Автобусты атамаңыз мүлде.

Райгүл ЖҰМАДІЛОВА, ТАРАЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бір пересадкамен емес, 3 пересадкамен балаларымыз барады. Нолевой оқиды, 1-ші сыныпта оқиды, бәрі жылап, қыстың көзі қырауда қандай азаппен келеміз. Бізге мына жол берсін. Автобус жүргізсін. Мектеп салып берсін. Істегендері мынау, 21-ші ғасыр ғой бұл. 

Ал, атқамінерлер мектеп пен балабақша салынбайтынын кесіп айтты. Өйткені, ол нысандар 3 жылдан соң Барысхан алқабынан бой көтеріп, балалар сонда барады дейді. Ал медбекет, ауыз су, жол мен жарықтың жыры да жақын уақытта шешілмейді деп отыр.

Бекзат БОЛАТБЕКОВ, ТАРАЗ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ БАС ИНСПЕКТОРЫ:

Бұл енді халықтың көтеріп отырған үлкен мәселесі Құдай қаласа 2-3 жылда шешіледі. Бұл мәселелердің бәрі өзекті мәселелер. Халықтыкі дұрыс. Құдай қаласа шешіледі. Медбекет мәселесі қазір Тілеміс ақын көшесінде жаңадан соғылып жатыр, жер белгіленген. Ол 2020 жылдың 1-ші тоқсанына қарай қолданысқа беріледі.

Атқамінерлер алқапқа анда-санда қатынайтын 46-шы шағын автобустың қасына қосымша қоғамдық көлік қосуды қолға алмақ.  Бірақ, ол көрші алқаптағы мектеп құрылысы аяқталғанда ғана қатынайды деп отыр. Айта кетейік, Қарасай алқабының  үш жарым мыңға жуық тұрғыны бар. Анығы инфрақұрылым игілігін көрмедік деген көптің тілегі жақын уақытта орындалмайтын түрі бар.

Д. Әлімқұл