Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Қарағандыда ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі басталды

AstanaTV
16.10.2017ж. 20:00
5560
Қарағандыда ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі басталды

Қарағандыда «Ауыл береке» жәрмеңкесі басталды. Әр демалыс күндері облыс аумағындағы  аудан-ауылдардан келген 80-ге жуық шаруа қожалығының өкілдері қала тұрғындарына өз өнімдерін арзандатып сататын болады. Бұл жолғы жәрмеңкеге  шаруалар 52 тонна ет, 200 тоннадай картоп пен 100 тонна сәбіз, қияр мен қырыққабат және пияз әкелді. Сиырдың сүйекті еті 1200, қойдыкі 1100, ал жылқы еті 1500 теңгеден сатылды. Сондай-ақ жұмыртқа 150-160 теңге, картоп 70 теңгеден саудаланды. Сала мамандарының айтуынша, күнделікті сұранысқа ие өнімдер құны базар бағасынан 15-20 пайызға төмен. Мұндай жәрмеңкелер халықтың қыс қамын қиналмай жасап алуына септігін тигізбек. Сондықтан күзгі жәрмеңкені тұрғындар асыға күтеді. «Ауыл береке» сауда жәрмеңкесі облыс орталығынан өзге де бірнеше шағын қалаларда өткізіледі. Биыл қарағандылық шаруалар 400-ге тарта жәрмеңкеге қатысып, 3 жарым млрд теңгеге өнім сатқан. 5 рет астаналықтарға арзан азық-түлік саудалап келген. 

Баян Исабаева, Қарағанды қаласының тұрғыны:

Базарға қарағанда, бұл жерде арзан. Жәрмеңке деген атына лайықты. Балық жұмыртқа, ет, күріш - түгел продуктыны әр демалыс сайын жәрмеңкеге үлгеріп келіп, осылай сатып алуға тырысам.

Серік Шайдаров, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары:

Бағалары өте тиімді. 15-20 пайыз нарық бағасынан төмен саудаланып жатыр. Шаруашылықтарға да тиімді, делдалсыз өз өнімдерін сатады. Халыққа да қысқа әзірленуге өте тиімді болады деп ойлаймын.

«Қыстың қамын жаз ойла» дегендей Қарағанды жұртшылығы берекелі күздің өнімдерін тиімді бағада сатып алуға кіріскен. "Ауыл береке" жәрмеңкесіне Абай, Осакаров, Қарқаралы, Нұра, Бұқар жырау аудандарының шаруа қожалықтары қатысты. Бұл аймақтар көкөніс пен ет, сүт өнімдері бойынша облыста көш бастайды. Жәрмеңке арнайы кесте бойынша Шахтинск, Теміртау, Саран, Абай, Сәтпаев, Жезқазған, Балқаш қалаларында да өтеді. Шара 11 қарашаға дейін әр демалыс күндері ұйымдастырылмақ.