Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

155 миллионнан астам қаражат бюджетке қайтарылды

AstanaTV
07.10.2019ж. 20:00
2466
155 миллионнан астам қаражат бюджетке қайтарылды

Елде 73 мыңнан астам отбасы атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз иемденген. Олар, табысын жасырып, оңай олжаға кенелмек болған көрінеді. Заңсыз пайда көргендер көмекке зәру жандарды үлесінен қағыпты. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов БАҚ өкілдеріне мәлімдеді. Министр заңсыздықтарды азайту мақсатында келер жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмектің механизмі өзгеретпекші.

Бюджеттегі қаражаттың тапшылығынан теріскейдегі көп балалы аналар өткен айға тиесілі әлеуметтік көмекті әлі алған жоқ.  Петропавл тұрғыны Анар Баймолдина сәуір айынан бастап 97 мың теңгеден екі мәрте мемлекеттік төлемге ие болған. Одан кейін Үкімет өзінің жәрдемін үзіп-үзіп береді, дейді ол. Қазір батыл ана тәтті-тоқаштарды пісірудің арқасында күн көріп отыр.

Анар БАЙМОЛДИНА, КӨП БАЛАЛЫ АНА:

Тамыз айында балаларды мектепке әзірлеген кезде атаулы әлеуметтік көмекке үміт арттым. Бірақ ол уақытында берілмеді. Қазір әлеуметтік желі арқылы тапсырыс алып,  торт, бауырсақ пісіріп жүрмін. Табысым тұрақсыз. Сондықтан мемлекеттік көмектің уақытында берілуі бізге ыңғайлы болар еді.

Келер жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек жүйесі жаңарады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі осылай деді. Ол көпбалалы отбасы құрамындағы балаларға табыс мөлшеріне қарамастан мемлекеттік жәрдемақы берілетінін айтты. Бұл ұсыныс алтын құрсақты аналардың беделін артырып, әл-ауқатын көбейтудің тиімді тетігі,- деді ол. Министр жаңа жәрдемақы балалар санына қарай 42 мыңнан 73 мың теңгеге дейін сараланатынын жеткізді.

Біржан НҰРЫМБЕТОВ, ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:


Бұл әлеуметтік пакетке мектепке дейінгі балалардың қажеттіліктері, мектеп жасындағы оқушылардың тамағы мен оқуға керек бұйымдары және қоғамдық көліктердегі жол ақысы кіреді. Бұл бағыт бойынша елдегі аз қамтылған отбасылардың барлық балаларын қамтитын боламыз. Әзірге жаңа жүйені жүзеге асыру механизмі дайындалуда.

Жаңа жүйеге сәйкес атаулы әлеуметтік көмек тоқсан сайын тағайындалады, әрі учаскелік комиссиялар жұмысы күшейтілмек. Біржан Нұрымбетов бұл арқылы табысын жасыратындардың санын азайтамыз,-деді. Қазір заңсыз көмек алғандардан 155 млн теңгеден астам қаржы бюджетке қайтарылды. Бұдан бөлек мұндай отбасыларға берілетін көмек мөлшері қысқартылған. Тіпті көмек уақытша тоқтатылғандары да бар. Көмек мүлде алынып тасталғандарының саны 23 мыңға жуықтайды.

Министр отбасының еңбекке қабілетті мүшесіне жұмыс ұсынылды, егер жұмыстан бас тартса, отбасының барлық мүшесі атаулы әлеуметтік көмектен қағылатынын,-айтты. Біржан Нұрымбетовтың айтуынша бұл жаңашылдық ата-аналарды еңбекке ынталандыруды мақсат етпек.

Ғ. Өтемісов