Негізгі / Жаңалықтар / Қ. Тоқаев: "Жаяу жүргіншіге емес, автокөліктерге көп көңіл бөлеміз"

Қ. Тоқаев: "Жаяу жүргіншіге емес, автокөліктерге көп көңіл бөлеміз"

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев LRT құрылысына қатысты тергеуді жеделдетуді тапсырды. Осы жобаға қатысты шешім қабылдаған әкімдіктің басшыларын да қаперден тыс қалдырмау керек деді.  Халықаралық іздеуде жүрген "Астана LRT-нің" бұрынғы басшысы Талғат Ардан әлі де ұсталған жоқ. Елорданы дамыту жөніндегі мәжіліске қатысқан тілшіміз Әлішер Өмірзақ  жалғастырады. 

Әлішер ӨМІРЗАҚ, ТІЛШІ:

Биылғы қыс - Қасым-Жомарт Тоқаев үшін Президент тағындағы алғашқысы болмақ. Бас қала тұрғындары көгілдір отынның жоғынан жүдеп болғанын ескерген мемлекет басшысы, "Сарыарқа" газ құбырының құрылысына қатысты ескерту жасады.

Елорда аспанын тұмшалаған түтіннен, қала тұрғындары мен қонақтарынан ыңғайсызданып жүргенін айтты.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қаланың энергетикалық инфрақұрылымының негізгі мәселесі "Сарыарқа" газ құбырына қосылуға дайын еместігі болып отыр. Қыс кезінде астананың көрінісі қандай екенін жақсы білесіздер. Қаланы түтін басады. Ең алдымен тұрғындар алдында ыңғайсыз. Осындай проблемалар бола тұра, өзімізді халықаралық хаб, жаһандық қала, Еуразия жүрегі деп көрсетеміз. Сөзіміз ісімізбен үйлеспейді. Бұл дұрыс емес, аз сөйлеп, көп іс тындыру керек.

Қыстан кейін қар еріп, жаңбырлатып көктем келгенде де бас қаланың жағдайы мүшкіл. Мұнда Лондондағыдай көп мөлшерде жауын жаумаса да, қаланың кәріз жүйесінің шамасы жетпей отыр. Президент әкімдікке мәселені шешуді жіті тапсырды. Қаланың жалпы келбетін де сынап, «қожайыны бар ма өзі» деген сұрақ көтерді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бір ғимарат бір стильде, екіншісі басқа стильде салынған. Ең бастысы, жайлылық жоқ. Плиталары ұшып, асфальт жарылып жатыр. Жасыл өскін аз. Жалпы, қаланы қадағалап, күтіп ұстамайтындай сезім қалыптасады. Қожайыны жоқ.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы LRT құрылысы ісін тергеуді жеделдетуді тапсырды. Құрылыстың бұрынғы басшысы Талғат Ардан елден қашып кеткен. Қазір ол 2014 жылы жымқырған қаражаты үшін халықаралық іздеуде. Дегенмен Интерпол сайтынан оған қатысты ештеңе таба алмадық.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТІ:

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне тергеуді жеделдеуді тапсырамын. Біреулердің шетелге қашып кеткендігін айтып, ат үсті қарауға болмайды. Бұл жоспарланған дүние. Өзгелерді, оның ішінде шешім қабылдаған әкімдіктің басшыларын қаперден тыс қалдырмау керек.


Ал экономист Арман Байғанов бастапқыда-ақ оның жүретін бағыттары дұрыс белгіленбегенін құптайды. Дегенмен басталған құрылысты аяқтаған дұрыс дегенді алға тартады.

Арман БАЙҒАНОВ, ЭКОНОМИСТ:

Өзін-өзі ақтауы екіталай. Өйткені оны қолданатын адамдар саны аз ғой. Басында дұрыс жоспарланбаған. Оның  бағытында адамдар да аз жүреді. Дегенмен оны бұзып, болмағандай етудің өзі көп ақшаны талап етеді. Сондықтан аяқтаған дұрыс деп ойлаймын. Сондай-ақ ел имиджі үшін де шетелдіктер алдында ұят.

Қасым-Жомарт Тоқаев қаладағы көші-қонның да бақылаусыз кеткеніне тоқталды. Шенеуніктер тұрғындардың миллионға   айналғанына риза, бірақ оларды білім, денсаулық сақтау және баспанамен қамтамасыз етуді ойлайтындар кемде-кем деді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТІ:

Оларды қамтамасыз ету керек қой. Бұл біздің міндетіміз. Біз бүкіл миграция процесін өз бетімен жібере алмаймыз. Елдің басқа аймақтарынан келген әлеуметтік осал топтардың өкілдері осында тіркеуден өтіп, баспана кезегінде тұр. Бұл кезек санын көбейтеді. Соның ішінде мектептер мен бала-бақшаларда. Бізде қазір қалай болып жатыр? Күшті әлеуметтік шиеленістер орын алуда. Білім беру ұйымдарындағы орындар жетіспеушілігі мәселесі әлі шешілген жоқ.


Бұдан бөлек қаланың көптеген ауданында жаяу жүргіншілер жолағы жоғын ескертті. Бұл мәселені де шұғыл шешуді тапсырды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТІ:


Бұл, жаяу жүргіншілердің өмірі мен денсаулықтарына қатер тудырады. Барлық өркениетті қалаларда жаяу жүргіншілерге арналған жолдар бар. Сіздер жүргізушілер үшін жағдай жасап, қала тұрғындарының қажеттігіне қамқорлық танытпай отырсыздар. Міне, сондықтан олар жолдан жүгіріп өтеді. Сіздер осындай дұрыс жобалармен айналысып, көпірлер, өтпелер салыңыздар. Жаһанданумен әуестенудің қажеті жоқ.


Әлішер ӨМІРЗАҚ, ТІЛШІ:

Елорданың көрікті, бастысы қолайлы болуы үшін тиісті шараларды атқаруды Президент әкімдікпен қатар Үкіметке де тапсырды. Орындалмаған жағдайда қатаң талап қолданылатынын ескертті.


Ә. Өмірзақ