Негізгі / Жаңалықтар / Әйел зорлады деген айыппен ұсталған күдікті қашып кетті

Әйел зорлады деген айыппен ұсталған күдікті қашып кетті

Көмектесіңіздер! Нұр-Cұлтан полициясы - психоневрологиялық диспансер аумағынан ізін суытқан қашқынды табуға тұрғындардан көмек сұрайды. 42 жастағы азамат "әйел зорлады" деген күдікпен өткен айда қамауға алынған. Бүгін тапа тал түсте- оны сараптама жасауға апарған құзырлы орын мамандары күтпеген жағдайға тап болды.

Күдікті Жансүгірұлы мен Құдайберліұлы көшесінің қиылысында орналасқан медициналық мекемеден қашқан. Полиция мәліметінше, ол 1977 жылы туған Өзбекстан азаматы. 5 қыркүйекте "әйел зорлады" деген күдікпен уақытша қамауға алынған.

Софья ҚЫЛЫШБЕКОВА, НҰР-СҰЛТАН қ. ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Бұрын ұсталған күдікті. ҚР Қылмыстық кодекстің 120 бабы бойынша күдікті ретінде ұсталған. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқан. Қазір жедел іздестіру жұмыстары жүргізілуде.

Полиция тұрғындардан күдіктіні ұстауға көмек көрсетуді сұрады. Құқық қорғаушылар қашқынның фотороботын  жариялады. Қазір бұл сурет әлеуметтік желіге тараған. Оған қоса күдіктіге қатысты түрлі қауесет те белең алды. Тіпті, мектептердің маңайында торуылдап жүр деген қауесет те бар. Бірақ полиция мұны жоққа шығарып, халықты дүрлікпеуге шақырды.

Софья ҚЫЛЫШБЕКОВА, НҰР-СҰЛТАН қ. ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Халықты тыныштық сақтауға шақырамыз. Әлеуметтік желі арқылы жалған ақпарат таратпауын сұраймыз. Жалған ақпарат таратқан жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Г. Утемисов