Нәрестені мұздату камерасында қалдыру туралы бұйрықты телефон арқылы естіген Ұлттық бюро өкілдері баланы құтқара алмады. Жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің аймақтағы мамандары брифингте бұған өкініш білдірді.
Сапаров НЫҒМЕДЖАН, ҚР СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ АГЕНТТІГІ АТЫРАУ ОБЛЫСЫ ДЕПАРАТМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:
Біз қылмыс туралы тыңдаған бойда барлық жұмысымызды тоқтатып, сәбиді аман алып қалу үшін жанталастық. Бірақ өкінішке орай, үлгере алмадық. Нысанбаевты қаладан 3 сағат іздеп, соңында саунадан таптық. Ал перинаталдық орталықтағылар ұзақ уақыт бойы бізге есік ашпады. Сапалы тергеу жаңа туған сәбилердің жаппай өлімінің нақты себебін анықтайды деп ойлаймын.
Үлкен даудан соң Атырауда перинаталдық орталықтың босану бөлімшесі уақытша жабылуы мүмкін. Бөлімшенің желдету жүйесі соңғы бір жарым жыл бойы жұмыс істемеген. Ал перзентханадағы төсек-орын жабындылары санитарлық талапқа сай келмейтін жерде яғни даладағы шарбақтарда кептіріліпті. Сондықтан ауада шаң мен инфекция болған. Ұлттық бюро өкілдері одан өзге, кейбір дәрігерлердің отаға ішімдік ішіп кіргендерін де анықтаған.
Сапаров НЫҒМЕДЖАН, ҚР СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ АГЕНТТІГІ АТЫРАУ ОБЛЫСЫ ДЕПАРАТМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:
Бүгін ғана облыстық денсаулық сақтау басқармасы, әкімдік, сэс мамандарымен ақылдаса келе балаларды босандыру бөлімшесін уақытша жабу туралы келісімге келдік. Перинаталдық орталық тұтастай жабылмайды, бұл болашақ ұрпағымыз дүниеге келетін жер.
Айта кетейік, перинаталдық орталықтың бас дәрігері Қуаныш Нысанбаев «Кісі өлтіру» бабымен күдікке ілікті. Ол дүниеге келгенде тіршілік белгісі болмаған шақалақты мұздатқыш камераға жіберген. Алайда суық камера бөлмесіне барған бала аяғын қимылдатыпты. Мұны байқаған медперсонал Бас дәрігерге хабар берген. Бірақ ол базадағы құжатты өзгертпеу үшін шақалақты мұздатқыш камерада қалдыруды бұйырған. Телефон әңгімесін осы кезде мекемені тексеріп жатқан мамандар естіп қалғандарын хабарлады. Айта кетейік, басы дауға қалған Бас дәрігер - "Болашақ" степендиясы бойынша шетелден білім алып келген.
Б. Надирқызы