$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Шымкентте «Kaspi bank» бөлімшесін тонаған күдіктілер әлі табылған жоқ

AstanaTV
16.10.2017ж. 20:00
2982
Шымкентте «Kaspi bank» бөлімшесін тонаған күдіктілер әлі табылған жоқ

Шымкентте «Kaspi bank»-тің бөлімшесін тонаған күдіктілер әлі табылмады. Полиция бейнебақылау камераларындағы жазбаларды тексеруге кіріскенімен, нәтиже жоқ. Айта кетейік, бұл аталмыш банкте соңғы үш айда болған үшінші тонау оқиғасы. Осы қылмыстардан кейін қаржылық ұйым жетекшілері қауіпсіздікті күшейтетінін хабарлады.

Айзада Төребекқызы, тілші:

«Kaspi bank- тің» тоналған бөлімшесі сенбіден бері жұмыс істемей тұр. Бұл бәрінен бұрын банк қызметін пайдаланушыларға  қолайсыздық тудырып отыр. Қазір  мұнда тек күзетшілер ғана бар. Олардан сұрап білгеніміз,  тонау орын алған күні жұмыста болған қызметкерлердің бәрі полицияға жауап беруде. Сондықтан жұмыс уақытша тоқтатылған. 

Ішкі істер департаменті таратқан ақпар бойынша Қазыбек би көшесіндегі банк бөлімшесіне бетперде киген белгісіз біреу баса көктеп кірген. Банк қызметкері оның еденге «жарылғыш пакет» тастап, түтін шығарып, балтамен қорқытып, ақша талап еткенін айтады.

Белгісіз азамат кассадан 16 000 000 теңге, 23 000 АҚШ доллары және 8 500 ресей рублін алып кеткен. Осы кезде қызметкерлердің бірі «дабыл түймешесін» басқан, алайда күдікті оқиға орнынан бой тасалап үлгерген. 

Полиция қызметкерлері бейнебақылау камераларындағы жазбаларды жіті қарауда. Тергеу құпияларына сәйкес құқық қорғаушылар қандай да мәлімет беруден бас тартты. Ал нысанды бақылайтын «Амир-Security» күзет агенттігіндегілер де ақпаратпен бөлісуге құлықсыз. «Kaspi bank»-тің бас кеңсесіндегілерден телефон арқылы білгеніміз - тонау болған сәтте ғимаратта тек банк қызметкерлері болған. Олардың ешбірі зардап шекпеген. Қаржылық құрылым өкілдері салымшылардың қаржыларына ешқандай қауіп жоқ деп сендірді. Сондай-ақ, Каспий банк бөлімшелері мен филиалдарында алдағы уақытта қауіпсіздік шаралары күшейтілетінін хабарлады.

Қауіпсіздікті күшейту жайын ішкі істер саласының ардагері Рүстем Қайдаров талайдан айтып келеді. Оның ойынша, банктердегі тонау фактілерінің жиілеуіне қаржылық ұйымдардың да кінәсі бар. Қарулы күзет пен күзетшілердің мұндай қылмыстарға тойтарыс беруі көңіл көніштпейді, - дейді ол.

Рүстем Қайдаров, Қазақстанның генералдар кеңесі президиумының төрағасы:

Банктің иелері өздері кінәлі. Неге десеңіз, онда тұрған күзетте тұрған азаматтар қару-жарақсыз. Кейбіреуі айтты ғой, кейбіреуінде дубинка бар. Онымен не істейді ол?! Сондықтан осы банктерді тонағандардың бәріне айтарым, банкирлердің өздері кінәлі. Өздері ассоциация охранных фирм солармен бірге жұмыс істесе, осы мәселенің бәрін шешуге болады.

Айзада Төребекқызы,  тілші:

Айта кетейік, бұл «Kaspi bank-ке» жасалған алғашқы шабуыл емес. Тамыз айында Алматы облысындағы Талғар қаласында да белгісіз біреулер банк бөлімшшесінен 40 млн теңгені алып кеткен еді. Олар әлі күнге ұсталмады. Ал қыркүйекте Түркістан  қаласында ішінде 4 млн теңгесі бар терминал ұрланған. Сәтін салып полицейлер оларды араға ай салып қамауға алды.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ