Негізгі / Жаңалықтар / Солтүстік Қазақстанның Жамбыл ауданында биыл салынған жол езіліп жатыр

Солтүстік Қазақстанның Жамбыл ауданында биыл салынған жол езіліп жатыр

Солтүстік Қазақстанның Жамбыл ауданында биыл салынған тас жол үгітіліп жатыр. Мұны бірден байқаған жергілікті тұрғындар билік өкілдеріне шағымданды. Жолды тексерген арнайы бақылау тобы сапасы сын көтермейді деп отыр. Қазынадан бөлінген 600 миллион теңге ысырап болды ма? Техникалық қадағалау мекемесі қандай шара қолданбақ? Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин әңгімелейді.

Шенеунік пен бас мердігер арасындағы қызу пікірталасқа жаңадан төселген асфальт себеп болды. Қос ауылдың арасындағы 18 шақырымға созылған жолдың құрылысы шілде айында басталса да әлі аяқталмаған. 

Александр ОРЛОВ, ЖҮРГІЗУШІ:

Ескі асфальтта болған шұңқырлар қайтадан пайда болып жатыр. Бұл батпақты аймақ. Сондықтан, жолды тиянақты істеу керек.

Жолдың жалпы құны 600 миллион теңге. Жаңадан төселген асфальттың қалыңдығы бес сантимердтен кем болмауы шарт. Бірақ кей жерде жолдың қалыңдығы екі есе жұқа. Ал техникалық қадағалау мекемесі мердігерлердің осы уақытқа дейін жұмысты адал жасағандарын айтады.

Игорь ШАМАНСКИЙ, «ЕСІЛ СТРОЙ ЭКСПЕРТИЗА» ЖШС САРАПШЫСЫ:

Біз жолдың шамамен 8 шақырымын қабылдадық. Ұсақ-түйек ескертулер жасалды. Мердігер оның көзін жойды. Ал мына аралықты біз әлі қабылдаған жоқпыз. Бұның ақшасы әлі төленген жоқ. Барлық талаптарды мердігерге тізіп береміз. Ол орындауға міндетті.

Ал мердігер компанияның өкілі жолдың бұзылуына іргетастың шатқаяқтап тұруы себеп деп ақталады. Оның пайымдауынша, бұл аралық күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді.

Гарик МЕЛКОНЯН, МЕРДІГЕР КОМПАНИЯНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Біз олқылықтардың барлығын жоямыз. Бірақ езіліп қалған жолдың астыңғы қабаты. Жөндеу жұмысын жоспарлаған кезде күрделі жөндеуді діттеу керек еді.

Құрылысшылар барлық кемшіліктерді бір айдың ішінде жойып, ізінше қалған қаражатты игермек. Алайда, айнала батпақ болған соң, бұл жолдың қайта жөнделуі де ғажап емес.

А. Құрманкин