"Мемлекетке опасыздық жасағаны" үшін деп айыпталып, 10 жылға темір торға тоғытылған саясаттанушы Константин Сыроежкин Қазақстан азаматтығынан да айырылды. Жазасын өтеп болғаннан кейін, ғалым елден қуылады. Тіпті одан кейін бес жыл бойы Қазақстан аумағына кіруге тыйым салынды. Алматы қалалық соты осындай шешім шығарды.
Жыл басында қытайтанушы ғалым Константин Сыроежкин қамауға алынды. Бұл туралы ақпарат алдымен әлеуметтік желіде тарады. Кейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл ақпаратты растағанымен, әлі күнге дейін саясаттанушыға қатысты істің жай-жапсарын жарияламай отыр. Өткен аптада қалалық сот Константин Сыроежкин «мемлекетке опасыздық жасады» деген айыппен 10 жылға бас бостандығынан айырды.
Абай ЖАРЫЛҚАСЫН, АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ СОТЫНЫҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соттың үкімімен Константин Сыроежкин мемлекетке опасыздық жасауда кінәлі болып табылып, оған 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар сот оны Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырды. Өзінің жазасын сотталған кісі қылмыстық атқару жүйесінің максималды қауіпсіздігі бар мекемеде өтейтін болады.
Дегенмен, үкім әлі күшіне енбеген. 63 жастағы ғалым жаза мерзімі аяқталған соң, елден қуылмақ. Оның Қазақстан құпияларын дәл қай мемлекетке жария еткені белгісіз. Құқықтанушы Евгений Жовтистің БАҚ берген сұқбатында Констатин Сыроежкин Ресейдің де азаматы екенін мәлім етті. Енді бір ақпарат көздерінде оның ғылыми жұмыстары Қытаймен байланысты деп айтылып жүр. Былтыр саясаткер «Ұлы Жібек жолы елдерінің төртінші форумына» қатысып, сұқбат берген еді. Ол кезде екі мемлекетке де бірдей көзқарас ұстанатынын білдірген болатын.
Константин СЫРОЕЖКИН, САЯСАТКЕР:
Ресей мен Қытайды жақындастырған Америкаға рақмет. Екі елдің де бір бағытта әрекет еткені тиімді. Қазір қаржылық жүйені өзгерту жағы қиындау болып тұр. Өйткені, Құрама Штаттармен қос елдің қарым-қатынасы ушығып тұрғанын да естен шығармау керек. Мұндайда Қазақстан өз мүддесін айқындап алуы қажет.
Ғалымға қолдау білдірген әріптестері Константин Сыроежкинге тағылған айыппен келіспейді. Олар ел үшін маңызды ақпараттар мен мемлекет құпиясын білетіндей жоғары лауазымдарды атқарған жоқ дейді. Сондықтан көкейде жауапсыз сауал көп деп отыр.
Расул ЖҰМАЛЫ, САЯСАТТАНУШЫ:
Жауаптан гөрі сұрақ көп. Қалайша болды? Не болды? Шын мәнісінде неліктен 10 жылға? Азаматтың кінәлілігі нақты дәлелденген тек қана өзінің мойынауы ғана емес, нақты дәлелдермен сол айыпты тағушы орындар дәлелдеу керек. Оны жабық есік жағдайында қалдырмай, қоғаммен бөлісуі керек.
Айта кетейік, ғалым Константин Сыроежкин түрмеге түсер алдында Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеу институтында бас ғылыми қызметкер міндетін атқарды. Ал оған дейін елдегі ақпараттық-талдау орталығының «Қытай, Орталық, Оңтүстік-Шығыс Азия» бағдарламасын үйлестірген болатын.
Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:
Сыроежкин ісіне қатысты сарапшылар пікірі осындай. Тілшілер де әзірге солардың пайымына сүйенеді. Өйткені құзырлы органдар саясаттанушы, ғалым Константин Сарыожкинге қатысты істің ақ-қарасын жариялауға асығар емес.
Ә. Лесбек