Негізгі / Жаңалықтар / Елордада әйелін өртеген азамат бұған дейін де жұбайына зәбір көрсетіп келген

Елордада әйелін өртеген азамат бұған дейін де жұбайына зәбір көрсетіп келген

Елордада әйелін өртеген азамат бұған дейін де жұбайына зәбір көрсетіп келген. Жансақтау бөлімінде ес-түссіз жатқан келіншектің анасы осылай деп мәлімдеді. Оның сөзінше, әйелін көрінгеннен қызғанған күйеу баласы талай рет аяқ-қолын байлап, қиянат көрсеткен. Осылай деген ана қызы ажыраспақ болғанда өртеп жібергенін айтып отыр. Айя Мүтәлі отбасылық кикілжіңге үңіліп көрді.

Бұл - өзегі өртенген ананың көз жасы. Ол қызымның сау тамтығын қалдырмады деп күйеу баласын кешіре алмай отыр. Айтуынша, ерлі-зайыптылар осы айда заңды түрде ажырасу керек болған. Қызы жұбайынсыз жаңа өмір бастау үшін Түркістан облысынан Елордаға арнайы көшіп те келіпті. "Алайда, күйеу баласы қызының қыр-соңынан қалмай, ақырында қызғаныштың кесірінен өртеп жіберді" деп отыр. 

Дәмегүл ҚАШАҒАНОВА, АНАСЫ:

Бірақ та өзінің кінәсін сезінбей отыр. Мен ойладым, бізді көрген соң, ұялатын шығар деп. Кешіріңіздер дейтін шығар деп үміттеніп едім. Бірақ ол әлі сол баяғы қызың анамен жүреді, мынамен жүреді деп айтуын доғарған жоқ. Мен шығамын, шыққан соң өлтіремін деп тергеу жерде де сөйлеп тұр. Өзінің 6 баласы бар. Кейінгі 3 бала менікі емес деп, өзінің адал балдарын мойнына алмай отыр.


16 жыл отасқан ерлі-зайыптылардың 6 баласы бар. Үлкені 16 жаста болса, кішісі 4-те. Дәрігерлер көпбаланы ананың беті бері қарайды деп дөп басып айта алмай отыр. Денесінің 75 пайызы күйіп кеткен. 9 күннен бері жан-сақтау бөлімінде жатқан азаматша жасанды тыныс алу аппараттарының көмегімен дем алып жатыр.

Ербол ТӨЛЕГЕНҰЛЫ, ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫНЫҢ АНЕСТЕЗИОЛОГ-РЕАНИМАТОЛОГ ДӘРІГЕР:

Жалпы жағдайы ауыр. Қан-қысымы, жүрек соғуы тұрақсыз. Дәрі-дәрмектің көмегімен тыныс алу өкпенің жасанды желдету аппаратымен. Қазіргі таңда жақсы деп айтуға ерте. Болжам туралы да айту ерте. Уақыт керек. Күйік шогынан қазіргі таңда науқас шықты.


Бұған дейін полицейлер айыпталушы 15 жылға дейін сотталуы мүмкін деген еді. Зәбір көрген келіншек туыстары 44 жастағы күйеу бала лайықты жазасын алуы тиіс деп отыр. 

Дәмегүл ҚАШАҒАНОВА, АНАСЫ:

Қызыма істегенін мойнымен көтерсін деп отырмын. Заңымыз бар ғой. Заңымыз адал болып шешіп берсе. Ертеңгі күні менің қызым қандай жағдайда болады.

А. Мүтәлі