Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / Солтүстік Қазақстанда 17 жасар қыз суицид жасады

Солтүстік Қазақстанда 17 жасар қыз суицид жасады

Солтүстік Қазақстанда 17 жасар мектеп оқушысы суицид жасады. Із түссіз жоғалған мектеп оқушысы ақыр аяғында көлдің ішінен табылған. Полицейлер қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын қолға алды. Ал арудың туған-туысқандары болса, оның өз-өзіне қол салғанына сенбей отыр. Аймақтағы тілшіміз оқиға орнына барып, ажалдың себебін білуге тырысты.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

11 сынып оқушысы Екатерина Понамарева қазанның он төрті күні кешкі 11-лер шамасында жоғалған. Бір тәулік бойы полицейлермен бірлесе іздеген жора-жолдастары оның мүрдесін мына көлдің бетінде қалқып жүрген қалпында тауып алған. Үстінде күртесі мен шалбары болыпты. Ал алдын ала жасалған сараптама барысында арудың денесінде зорлық белгілері байқалмаған.

Мадина БАЛҒАШОҚОВА, СҚО ПД БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Оның сырт киімі мен ұялы телефоны көлдің жағасында жатты. Денесінде жарақат байқалмай отыр. Қылмыстық кодекстің 97 бабы, яғни суицидке итермелеу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл күдікті азамат бар деген сөз емес. Суицидке қатысты барлық істер осы бап бойынша қозғалады.

Екатерина Понамарева өмірімен қоштасар бұрын сыныптастарымен саябақтың ішінде қыдырған екен. Дос-жарандары оның көңіл-күйі көтеріңкі болғанын айтады. 11-сынып оқушысы мектепте өте белсенді болған көрінеді. Түрлі олимпиадалық сайыстарға қатысып, 60-тан астам марапатқа ие болған.

Лилия ЧЕРКАЗЬЯНОВА, БУЛАЕВ ҚАЛАСЫ №2 ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Катя ержүрек мінезді болды. Спортта да, сабақта да белсенділік танытып жүрді. Жуырда психолог мамандығын таңдағанын айтты. Психолог боламын деген адамның суицидке бел буғанына мен сене алар емеспін.

Катя бір жыл бойы жүрген жігітімен екі апта бұрын ажырасып кеткен екен. Қазір бойжеткеннің ажалына махаббат сезімі әсер етуі мүмкін деген болжам жасалып отыр.  Алайда, қыздың әке-шешесі құзырлы органдардың бұл сөзіне сенбей отыр.

Наталья ПОНАМАРЕВА, МАРҚҰМ ҚЫЗДЫҢ АНАСЫ:


Қызым жігітін өзі тастап кеткенін айтты. Сәл қайғырған болатын. Бірақ тез айығып шықты. Ол ішіндегі сырын маған айтатын. Сондықтан мен оның суицид жасағанына еш сенбеймін!

Бойжеткеннің сыныптастарымен дәл үйдің қасында қоштасып, неге айдалаға кетіп қол салғаны әзірге белгісіз. Қазір тергеу жүріп жатыр. Ал өрімдей қыздың денесі бүгін жер қойнына тапсырылды.

А.Құрманкин