$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Алматылық алты мыңнан астам оқушы жыл соңына дейін болашақ мамандықтарын анықтай алады

AstanaTV
17.10.2019ж. 20:00
2115
Алматылық алты мыңнан астам оқушы жыл соңына дейін болашақ мамандықтарын анықтай алады

Алматылық алты мыңнан астам оқушы жыл соңына дейін болашақ мамандықтарын анықтай алады. Қазір қаладағы білім ошақтарында кәсіптік бағдар бойынша тестілеу басталды. Мұны жұмыспен қамту орталығының өкілдері мен білім басқармасының мамандары жүргізуде. «Кәсіп» жобасы аясында жастар қай саланың маманы бола алатындығын біле алады.

11-сынып оқушысы Іңкәр Әубәкірова мектепті бітірген соң, жоғарғы оқу орнының медицина саласына түсуді жоспарлап отыр. Болашақта дәрігер болуды мақсат еткен жеткіншек, мамандығымды таңдауға кәсіптік тестілеу негіз болды дейді.

Іңкәр ӘУБӘКІРОВА, АЛМАТЫ қ. № 174 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ 11- СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:

Болашақ мамандығымды таңдадым, биология-химия пәні, дәрігер мамандығын таңдап отырмын. Мамандықты таңдау үлкен жауапкершілікті талап етеді. Болашақта қандай кәсіп бойынша жұмыс істеймін, өзімді қандай ортада көремін деген сұрақ әрбір жас түлекті мазаландырады. Бұл қадамды нық әрі сенімді басып өту үшін кәсіптік текст бізге үлкен көмек береді.


Кәсіптік бағдар бойынша тестілеу қала мектептерінде алғаш рет өткізіліп отыр. Бұл арқылы оқушылардың білімі мен іскерлігі анықталып, қандай мамандық иегері бола алатындығы айқындалмақ. Осылайша, жұмыспен қамту орталығы нарыққа қажет мамандардың сұранысы мен ұсынысын айқындаймыз дейді.

Найла МҰХТАРОВА, АЛМАТЫ қ. ХАЛЫҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:


Бүгінгі күні біз, өзіміздің серіктестерімізбен, әріптестерімізбен мектепке келіп мектептің оқушыларын қамтуды шештік. Жылдың соңына дейін 6500-ден аса мектеп оқушыларын қамту жоспарлануда. Осы жоспарды аяқтағаннан кейін сараптамалық түрде біз Алматы қаласының кәсіптік бағдарлау бойынша сараптамалық-аналитикалық жұмыстарын жалпы қоғамға ұсынатын боламыз.

Кәсіп» жобасы бес кезеңнен тұрады. Бастапқыда оқушыларға онлайн диагонстика жасалынып, қай салаға қабілетті екендігі анықталмақ. Әрі болашақ мамандықтарын таңдауға көмектеседі.

Сәбина ЯХЬЯРОВА, «КӘСІП» ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Бүгінгі кәсіптік бағдар бойынша тестілеу ,бұл тек бірінші кезеңге жатады. Осыдан кейін оқушыларға қазіргі сұранысқа ие мамандықтардың тізімі жарияланады. Сондай-ақ, еліміздегі университеттер мен гранттар саны айтылады.

Осылайша, ұйымдастырушылар жыл соңына дейін алты мыңнан астам мектеп оқушыларының мамандық таңдауына көмектеспек. Яғни 44-ке жуық білім ошағына барып кәсіптік бағдар бойынша тестілеу жүргізеді.

Ә. Лесбек