$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Медициналық сақтандыруға баса мән беру керек - Б.Сағынтаев

AstanaTV
14.03.2017ж. 20:00
3045
Медициналық сақтандыруға баса мән беру керек - Б.Сағынтаев

Медициналық сақтандыруға қатысты жұмыстар жүріп жатқанымен, белсенділік төмен. Үкімет отырысында премьер-министр «медициналық сақтандыруды осы жолы дұрыс атқара алмасақ, халықтың ашуына ілігеміз» деді.

Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, бұл мәселеге қатысты түсіндіру әлі де жеткіліксіз. Денсаулық сақтау министрлігі мен жұмыс берушілер тарапынан тиімді жұмыстар атқарылып, әкімдер бұған баса назар аударуы керек, деді премьер. Сонымен қатар, денсаулық сақтау министріне дәрі-дәрмек бағасын тұрақтандыруға қатысты мәселені тездетіп шешуді тапсырды.

Елжан Біртанов, ҚР денсаулық сақтау министрі:

Жеке меншік дәріханалдардағы сатылып жатқан дәрінің бағасын бекіту үшін біз бірінші заңға өзгертулер енгізуіміз керек. Қазір заң жобасы әзірленіп жатыр. Бірінші сәуірде мемлекет тарапынан талқылап енгіземіз.

Елжан Біртанов балалар дәрігері жетіспейтін өңірлерде педиатриялық бөлімшелер ашылатынын айтты. Оның сөзінше, Қазақстанда бір педиатрға алты жасқа дейінгі 500 бала келетіндей жағдай жасалуы керек. Елде тұрғындардың өмір сүру ұзақтығы соңғы он жылда 72 жасқа дейін ұлғайған. "Алайда бұл көрсеткіш дамыған елдермен салыстырғанда төмен", - деді бас дәрігер. Ал Әділет министрі Марат Бекетаев мәйітханалар жетіспейді деп алаңдаушылық білдірді.

Марат Бекетаев, ҚР Әділет министрі:

Соңғы жылдары емдеу мекемелерін салуға қыруар қаржы бөлініп отыр. Ал жаңа мәйітханалар салуға өте аз ақша бөлінген. Бұл мәселе назардын тыс қалды. Әсіресе үлкен қалалар үшін мәселе аса маңызды, әкімдерден жергілікті бюджеттен қаржы қарастыруларын сұраймын. Тіпті республикалық бюджетке де сұрау жіберуге болады.