$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Беларусь Қазақстаннан мұнай тасымалдауға ниетті

AstanaTV
25.10.2019ж. 20:00
3203
Беларусь Қазақстаннан мұнай тасымалдауға ниетті

Беларусь Қазақстаннан мұнай тасымалдауға ниетті. Бұл туралы Ақордада өткен қос ел басшысының келіссөзінде Александр Лукашенко айтты. Енді бұл мәселені алдағы уақытта Ресеймен талқылайды. Екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған кездесуде тағы не айтылды? Ақордадан Әлішер Өмірзақ жалғастырады.

3 жарым мың шақырымды артта қалдырып, Ақордаға ат терлетіп келген Александр Лукашенконы Қасым-Жомарт Тоқаев ыстық ықыласпен қарсы алады. Беларусь президентінің де жүзінен жылылық байқалды. Ұзағынан қол ұстасқан қос ел басшысы алдымен қазақстандық делегаттармен амандасты. Бір қалыпты түр, бір қолмен амандасқан Лукашенко Энергетика министрі Қанат Бозымбаевқа келгенде жымиып, қос қолын созды. Мұндағы гәп келіссөздің соңында белгілі болды.

Жабық есік жағдайында бірнеше сағатқа созылған келіссөзден кейін қос Президент бір-біріне ризашылықтарын білдіріп, талқыланған мәселелерге көшті. Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы сауда-саттықты арттыруға мүдделі екенін жеткізді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:



Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда көлемі шамамен 800 млн доллар болды. Бұл жақсы үрдіс, бірақ жеткілікті емес. Сондықтан бұл жұмыс келешекте де жалғасын табады деп үміттенемін. Сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одақтың зор мүмкіндіктерін пайдаланып, қазіргі көрсеткіштерімізді одан әрі арттыруымыз керек.

Қазірдің өзінде Қазақстан-Беларусь капиталының қатысуымен 340-қа жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Екі ел бизнес-форумында тағы 11 келісімшартқа қол қойылды. Ал Энергетика министрімен жылы амандасқан Александр Лукашенко Қазақстаннан мұнай тасымалдауға ниетте екенін жеткізді. 

Александр ЛУКАШЕНКО, БЕЛАРУСЬ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:



Сіздер білесіздер, Беларусь мұнай жеткізуді әртараптандыру мәселесіне ерекше көңіл бөледі. Сондықтан біз сіздің елден шикізат алуға мүдделіміз. Таяу арада Ресеймен талқылаймыз.

Ал Қанат Бозымбаев Минскке мұнай жеткізудің еш кедергісі жоқ. Тек Ресей арқылы өтетіндіктен, үшінші тараппен келіссөздер өткізу керектігін айтты. Бірақ жылына қанша тонна қара алтын экспортталатыны айтылмады.

Қанат БОЗЫМБАЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:



Кедергілер ешқандай жоқ. Мұнай тасымалдауға мүмкіндік бар. Бірақ оның бәрі Ресей Федерациясының территориясымен өтеді. Олардың құбырлары арқылы немесе теміржол арқылы. Қанша алады, көлемі қанша болады, ол келесі құжатта болады. Бұл совместный баланс нефти и нефтепродуктов деген.

Екі ел басшысының келіссөзінен кейін бірнеше құжатқа қол қойылды. Лукашенко оның нәтижесін келер жылы қарау үшін Қасым-Жомарт Тоқаевті Минскіге шақырды. Беларусь басшысы қазақ хадқына да ыстық ықыласын жолады.

Ә. Өмірзақ