Алматы облысында 3 мыңнан астам киікті өлтірген браконьерлер ұсталды. Олардан қызыл кітапқа енген жануардың 1 тонна мүйізі тәркіленген. Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарын ақбөкендерді қойдай қырғандардың әрекетіне тоқтау салуға шақырды. Экология министрлігі дереу брифинг өткізді. Әлішер Өмірзақ жалғастырады.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті таратқан мына роликте киік атып, мүйізін Қытайға тасымалдап келгендердің ұсталған сәті. Көзі ботадай жануарларды қырған қаскөйлердің мінгені мынадай қымбат көліктер. Олардан 1 тоннадан астам киік мүйізі табылды. Ал келісінің бағасы қара нарықта шамамен 2 000 долларға бағаланады.
Асқар СЕКСЕНБИЕВ, МЕМЛЕКЕТТІК ҚОРҒАЛЖЫН ТАБИҒИ ҚОРЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Мүйіздердің бағасы жайында түрлі нұсқалар айтылады. Мәселен, 300 доллар мен 2000 доллар шамасында. Негізгі сатып алушылар Ресей мен көрші Қытай елі. Бірақ оны сүйек күйінде емес, ыңғайлы болуы үшін шетелге ұнтақтап шығарады.
Жыл басынан бері заңсыз аңшылықтың 745 фактісі тіркелген. Қылмыстық жауапкершілікке тартылғандарының көбі айыппұл төлеп құтылған. Сондықтан бұрынғы сенатор қызыл кітапқа енген жануарларды атқан браконьерді заң тұрғысынан есірткі, қару-жарақ сатушыларына теңестіру керек, дейді.
Оралбай Әбдікәрімов, «ҚАНСОНАР» АҢШЫЛАР ЖӘНЕ АҢШЫЛЫҚ ШАРУШЫЛЫҒЫ СУБЪЕКТІЛЕРІ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Қазіргі заң бойынша олар айыппұл төлеп құтылып кетеді. Ісі сотқа жетпей жататындары да бар. Ұйымдастырылған топтар бар, оларды Жергілікті құқық қорғау органдары не одан да жоғарыда тұрғандар қамқорлығына алып келеді. Әйтпесе мұндай ауқымдағы іспен жүйелі түрде айналысу мүмкін емес.
Инспекторлардың қазасынан кейін браконьерлікпен күрес жаңаша қарқын алған. Десе де бүгінгі жағдай оның әлі де тиісті деңгейде еместігін көрсетті. Мұны президент те
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Браконьерлер табиғат байлығы - киіктерді аулауды тоқтатпай отыр. Алматы облысында ҰҚК қызметкерлері 3 мыңға жуық киікті өлтірген қылмыскерлерді құрықтады. Қаскөйлер заңға сәйкес қатаң жазаға тартылуы тиіс. Құқық қорғау органдары мұндай заңсыз әрекеттерге тоқтау салуы керек.
Қызылорда облысында 25 қазанда браконьерлердің ізіне түскен тағы бір инспектор қаза тапты. Қуғын кезінде көлігі аударылған. Осы жағдайды ескерген жауапты министрлік заңға өзгеріс енгізуді қолға алды.
Асхат ҚАЙНАРБЕКОВ, ҚР ЭКОЛОГИЯ, ГЕОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРЛІГІ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ӘЛЕМІ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
Жаңағы браконьерлер қару қолданып, инспекторларға қарсы шықса, сол кезде біздің инспекторлар қаруды қолдануға құқығы бар. 3-5 жылға дейін, ең бірінші рет егер де браконьерлікпен ұсталса, жазалау деген ұсыныс енгізіп отырмыз.
Ал 3 мыңнан астам өлтірілген киіктен мемлекетке келтірілген шығын көлемі 5,6 миллиард теңгені құрайды. Заңға сай мүйіздері өртеледі.
Ә. Өмірзақ