$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Ақтөбеде 100 миллион теңгені қалтаға басты деп айыпталған шенеуніктер соты басталды

AstanaTV
28.10.2019ж. 20:00
2699
Ақтөбеде 100 миллион теңгені қалтаға басты деп айыпталған шенеуніктер соты басталды

Ақтөбеде аса ірі көлемде алаяқтықпен айналысып, елу шақты адамды сан соқтырды деп айыпталған екі мемлекеттік қызметкерге қатысты сот отырысы басталды. Ол Ақтөбе қалалық тұрғын үй қатынастар бөлімінің бұрынғы басшысы мен Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері. Олар мемлекеттік бағдарламамен кезексіз үй алып беремін деп 100 миллионнан астам қаражатты қолды қылған деп айыпталып  отыр.

Айыптау қорытындысына жүгінсек, 2014 -2018 жылдар аралығында Дүйсекенова мен Нұрмұханова тұрғындарға мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер алып беруге, ал кейбіріне үй кезегін жылжытып беруге уәде еткен көрінеді. Айыптаушы дерегінше Нұрмұханова үй алғысы келетін адамдарды тауып, оларға қолхат беріп ақша алған. Кейін жалған келісімшарт беріп, бөтен адамдардың пәтерлерін көрсеткен.

Диас ІЛИЯСОВ, МЕМЛЕКЕТТІК АЙЫПТАУШЫ:

Әрі қарай 2015-2016 жылдар аралығында тергеумен анықталмаған уақытты Нұрмұханова Ақтөбе қалалық тұрғын үй қорын есепке алу секторы меңгерушісі Дүйсекеновамен ымыраға келу арқылы Қошановтың  бір миллион екі жүз мың теңгесін жалға берілетін үйді алып беруге көмектесемін деп алған.

Осылай алданып, сан соққан елу шақты адам бар. Олар уәде етілген үйге жиған-терген 100 миллионі берген. Олардың қатарында баспана кезегінде тұрғандар мен кезекке ілікпегендер де бар. Дені медицина қызметкері, саудагер, кәсіпкерлер. Бүгінгі процесске жәбірленушінің тек сегізі ғана қатысты.

Гүлзар СҰЛТАНОВА, ЖӘБІРЛЕНУШІ:

Мен 3 миллион 800 бердім. Иә. Тағы да сұрады артыннан документ істеуге оралмандық Нұрмұхановамен таныстырды. Одан Махаббат дегендермен таныстырды. Бізге үй апарып көрсетті, бізге ашып Батыс-2-ден үш бөлмелі үй көрсетті. Договорларды көрсетті печатьпен қол қойып істеп берді.

Жанаргүл Дүйсекенова  Гүлайым Нұрмұхановамен қызмет бабы бойынша таныс екендігін жасырмайды. Бірақ айыптау қортындысымен келіспейді. Олар алаяқтық  әрекеттерден хабарсыз болғандарын айтып отыр. 

Жанаргүл ДҮЙСЕКЕНОВА, СОТТАЛУШЫ:

Осы 11 айдың ішінде өкінішке орай маған нақты кінә жасалмай жатыр. Кино бар ғой 12 стулья не установленное лицо не установленном месте вышло по городу «н» деп осылай маған да осылай айтып жатыр. Мен негізі мына адамдардың не ақшасын алмай, көз жасына қалды деп айту мүмкін емес.

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ:

Айта кетейік, Жанаргүл Дүйсекенова үстіміздегі жылдың сәуір айында қамауға алынып, кейін қыркүйек айында денсаулығына байланысты үй қамағанына ауыстырылды. Қылмыстық істе бірнеше эпизод пен жәбірленушінің көптігіне байланысты бұл сот процессі ұзаққа созылуы мүмкін.


Б. Рахметова