Ауа райы -
×
Негізгі / Жаңалықтар / Терроризм үшін сотталған 300 қазақстандық түрмеде отыр

Терроризм үшін сотталған 300 қазақстандық түрмеде отыр

Елде содырлық үшін сотталғандарды тәрбиелеу жұмысы жүйеге қойылуы керек. Бүгін әлемдік сарапшылар бас қосқан жиында осындай ұсыныс айтылды. Ал елде экстремизм мен терроризм үшін сотталған 300-ге жуық қазақстандық бар. Терроризммен күрестің нәтижесі қандай? Әлихан Асқар баяндайды.

Бүгін жастар алдында сөз сөйлеген Айдана өз тағдырын ешкім қайталамаса дейді. 18 жасында тұрмыс құрып, жолдасының үгіттеуімен 2015 жылы Сирияға атанады. Шам еліндегі соғыста бірінші күйеуінен айырылып, екінші рет тұрмысқа шығыпты. Дегенмен, ол да майдан даласында қаза тапқан. Сириядан өзінің төрт баласымен қоса, бауырына басқан тағы екі бөбекпен келген.

Айдана МАКСИМ, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жолдасым айтатын, ол жақта халифат, мұсылмандар сол жақта тұруы керек деп. Бірақ Сирияға барып, жалған екеніне, біз ойлағандай емес екенін түсіндік. Өкініш бар әрине, көп нәрсеге өкініш бар. Ол өкінішті айтып жеткізу де мүмкін емес деп ойлаймын.


Оралға Сириядан 3 ер адам, 30-ға жуық әйел және 83 бала оралыпты. Қазір оларды бейбіт өмірге қайта бейімдеу жұмыстары қолға алынған. Балалар мектепке орналастырылса, үлкендері жаңа кәсіпті меңгеріп жатыр.

Мүслім ДЖАНИСОВ, «АМАНАТ-ЖАЙЫҚ» ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Қоғамға, ортаға бейімдеу мақсатында жан-жақты көмек көрсетіліп жатыр. Олар қысқа оқу курстарында оқып, әр сала бойынша оқып-тәмамдап, сертификаттарын алып, жұмысқа орналасып жаңағыдай үйлесіп жасап жатыр. Сондай көмектер көрсетіліп жатыр.

Бүгін елордада бас қосқан әлемдік сарапшылар терроризмнің зардабымен емес, себебімен күресу керектігін айтты. Олар сотталған содырлармен түрмеде жүргізілетін тәрбие жұмыстарын жүйелі жолға қою керек деді. Қазірде Қазақстанда 300-ге жуық азамат террроризм және экстримизм бабы бойынша темір торға тоғытылған.

Бекболат ШӘКІРОВ,  ҚР ІІМ  ҚЫЛМЫСТЫҚ-АТҚАРУ ЖҮЙЕСІ КОМИТЕТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Оларды жеке, бөлек мекемеде ұстамаймыз. Біз мекемеге бөлер алдында, оның семялық жағдайына, отбасы қай жерде, соған неғұрлым жақын мекемеге орналастыруға тырысамыз. Оны сен терроризм, экстирмизммен қылмыс жасадың деп, бір бөлек мекемеге қамап тастап отырған жоқпыз.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мамандары алын-алу шараларына қармастан, сойқан салатын содырлар саны төмендемей отыр дейді. Ал олардың түрмедегі тәртіптерін, діни қөзқарастарын өзгертіп, оңалтуға біршама жыл қажет.

Ә. Асқарұлы