Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Жамбылда карьерлер көбейгені кесірінен жайылым жер жетіспей жатыр

AstanaTV
31.10.2019ж. 20:00
3834
Жамбылда карьерлер көбейгені кесірінен жайылым жер жетіспей жатыр

Карьерлер көбейіп, жайылым жер жетіспейді.  Жамбылдағы Аймантөбе ауылының халқы осылай деп шу шығарды. Айтуларынша, жұрттың жалпы пайдаланымдағы 150 га жерді бұрынғы әкімдер жекенің қолына сатып жіберген. Бұқараның бір ауыз келісімін алмады деп ашынған адамдар шағал шығаратын кәсіпорындардан халықтың жері қайтарылсын деп талап етті. Билік бұған не дейді? Данияр Әлімқұл тараптарды тыңдады.

Көпшіліктің көңілін күпті еткен карьерлердің көрінісі осындай. Бұл бейне бір соғыс кезіндегі жаудан жасырынатын ор-шұңқырлардың орнына ұқсап қалған. Байзақ ауданы, Аймантөбе ауылының халқы 10 жыл бұрын осы жерлерге мал жайғандарын айтады. Қазір мұнда құрылыс компаниялары тас-шағал шығаратындықтан төрт түлігін өріске өргізе алмай жыларман.

Құламқадыр ЖҰМАБАЕВ, БАЙЗАҚ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

10 жылдан бері осы ауылдық окгурқа қарайтын мал жайылымдарын жан-жақтағы белгісіз адамдар қазып, 6 карьер ашқан. Енді қазіргі уақытта мал жайылымдарымыз жоқ. Ауыл әкімдері халықтың рұқсатынсыз, келісімінсіз ешқандай қаулы жоқ, өз ойларымен беріп жіберген. 6 карьерге есептегенде 120-150 гектардан кетіп жатыр.

Мақан АТАМҚҰЛОВ, БАЙЗАҚ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Малдың бәрі ауру болды қазір. Өйткені малдың бәрін кене шағып жатыр. Бір жерге малды жая бергесін, кене басып кетті. Әкімге барсаң, әкім жоғары жаққа сілтейді. Жоғары жаққа барсаң, арыз жазып бардық олар жер ресурстарына сілтейді. Жер ресурстарына барсаң, жер қатынастары бөліміне сілтейді. Ол жаққа барсаң, прокуратурға сілтейді. Прокуратруға барсаң, ДВД-ға сілтеп жібереді. Двд-ға барсақ, әкімшілікке сілтейді. Ортада жынды адам ұқсап қалдық.


Мыңнан аса халқы бар аймантөбеліктер ептеп егін шаруашылығымен де айналысады. Жерден нәпақасын айырған дихандар карьерлер көбейгелі жазда алқаптарға су жетіспегенін айтты.

Гүлханыз НҰРЖІГІТОВА, БАЙЗАҚ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Егінге салғанда су ұзағынан тұрмайды, сіңіп жатпайды.Сондықтан су сіңіп жатпағандықтан ол жерде өнім де болмайды. Қант қызылшасын биыл сол жерге ектік, керемет өнім алатын жерден 5 га-дың өзінен ондай  өнім болмады, 25 центнер ғана алдық 1 га-дан, ол жерде 40-50-ге дейін алуға болатын еді.

Данияр Әлімқұл, ТІЛШІ:

Бұл - Аймантөбе ауылын айналдыра қазған алты карьердің бірі. Айтар болсақ аумағы ат шаптырым алқап бұрынғы ауыл халқының алаңсыз мал жайған жайылым жері саналады. Қазір көріп тұрғанымыздай, бұл қолқаны қапқан қоқыстың қоршаусыз алаңқайына айналған. Соның салдарынан, осы жерден ұшқан түрлі тұрмыстық қалдықтар жол-жөнекей бес ауылға барып, тұрғындары тынысымыз тарылды деп ашынады.


Атқамінерлер Тараз қаласы мен Байзақ ауданынан жылына 8 мың тонна қоқыс қалдықтары тасталатын орын  санитарлық талаптарға сай екенін айтады. Сол үшін 13 гектар полигон 10 жылдан бері тоқтаусыз жұмыс істейді деп отыр. Ал, ауылға жайылым жер жетіспейтіндігін жоққа шығармады. Сондықтан бұрын жекеге заңды жолмен өткен жерлерді қайтаруға күш салатындарын айтып отыр.

Болат САҒЫМБЕКОВ, БАЙЗАҚ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

80 га болады, 150-ге жетпейді. 15 АЕК көлемінде екі кәсіпкерге айыппұл салынды, қоршаған ортаға эмисияға рұқсат алмағандықтан сотқа жолданды, жұмыстарын тоқтату жөнінде. Үлес емес, бұл жалпы пайдаланымдағы жер ауылдық округтың.  Мұны біз тоқтатып, қайтаруға жұмыс жасаймыз.

Атқамінерлер ауылдықтар  айтқан алты карьер халыққа қашан қайтарылатынын кесіп айтпады. Бірақ, бірте бірте жалға берілген жерлер мемлекет меншігіне алынады деп сендірді. 

Д. Әлімқұл