$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Екпе. Мүгедектік...Бірақ екпе керек!

AstanaTV
14.10.2017ж. 20:00
7025
Екпе. Мүгедектік...Бірақ екпе керек!

Вакцинация туралы. Егер бес жыл бұрын баласына екпе жасатқысы келмейтін ата-ана саны 500 болса, тек биыл, алғашқы жарты жылда 11 мыңға жеткен. Ақырында тұрғындардың 5 пайызы егілмей қалуы мүмкін. Ал бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өлшемі бойынша эпидемиялық қауіп туғызады. Ата-аналар неге қарсы? Соқыр наным-сенімді былай қойғанда, «екпеден кейін бала мүгедек болып қалды» дейтін бір қауым ата-ана бар. Бірақ дәрігерлер оны екпемен байланыстырмайды. Баланың денсаулығында кінәрат болған, соны білмей салғаннан, дейді. Баласының денсаулығында кілтипан барын ата-ана білмеуі де мүмкін ғой. Онда әр баланы жеке қарап, әбден тексеру керек. Ол мүмкін бе? Өте күрделі болғанымен, дилемма әрі қарай шиеленіспей, шешілуі тиіс. Себебі екпе шаралары бәрібір керек –адам өмірінің ұзарғаны, түрлі эпидемиялардың тыйылғаны екпенің арқасында. Тақырыпты Гүлбарам Меңдеева талдайды.

12 жастағы Уәлихан, Бибігүл Ботымбаеваның үшінші перзенті. Дүниеге сап-сау болып келген сәбидің өмірі вакцинадан кейін күрт өзгерген.

Бибігүл Ботымбаева, науқас баланың анасы:

6 айлығында АКДС алдық. Оған дейін еңбектеп, кішкене отырып жүрген еді, бала. АКДС-тен кейін сразу реанимацияға түстік. Реанимацияда 24 күн жаттық. 4 рет жүрегі тоқтап, 3 ай больницада болдық.  

Енді міне, мүгедек болып қалған бала, қажыған ана. 12-ге келсе де ұлын кішкетай баладай әлпештейді. Өйткені ақыл-есі дұрыс болғанымен, жасөспірім өзіне қызмет көрсете алмайды. Баласы жарымжан болып қалған жалғыз Бибігүл емес. Мүгедек балалардың ата-аналары қауымдастығына мүше 18 әйелдің басына осындай жағдай түскен. Қауымдастықтың төрайымы осылай дейді. Ал әлемдік статистика бойынша екпеден соң мүгедек болып қалған балалар 5 пайызды құрайды деген деректі келтірді. Сондықтан  Денсаулық сақтау министрлігінен бұған қатысты зерттеу жүргізуді талап етіп отыр.

Әсия Ахатова, Мүгедек балалардың аналары қауымдастығының төрайымы:

Бұрын Кеңестер одағы кезінде бала шала туылса, екпе жасалмайтын. Қазір ауыр асқынулар болмаса, сала береді. Осыдан кейін бала денсаулығында қандай да бір ақаулар пайда болады. Церебралды сал, орталық жүйке жүйесінің, миының зақымдануы сияқты. Бірақ олардың ауру тарихында вакцинадан кейінгі асқынулар себеп екені жазылмайды. Мұндай жазуды ешқашан көрмейсіз. Тапсырма емес, дәрігерлер арасында осындай жазылмаған заң бар. Бірақ ата-аналардың деректерін тексере келе, вакцинамен байланысы бар деген қорытынды шығара аламыз.

Елде екпеден соң мүгедек болып қалған қанша бала бар? Әрине, дерек тіркелмегесін статистика болуы мүмкін бе?

Жандарбек Бекшин, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы:

Мүгедек болып қалған балалар бізде жоқ. Әрине, кейде асқынулар болды.

Бірақ Денсаулық сақтау министрлігі арнайы жұмыс тобын құрып, медициналық мекемелердегі осындай фактілерді анықтауға көшкен. Әзірге қорытынды шыға қойған жоқ. Алайда дәрігерлер «мәселе вакцинада емес» деп отыр. Елге келген вакцинаны Ұлттық сараптау орталығы тексереді. Бірнеше рет зертханалық талдаулардан өтеді екен. Сондықтан мұндағы мамандар да вакцинаның сапасына шәк келтірмейді.

Жаннат Сатыбалдиева, Дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды және медициналық техниканы сараптау Ұлттық Орталығының республикалық зертхана меңгерушісі:

Мұнда ол толық тексерістен өтеді. Улағыш заттардың жоқтығы, барлығы дерлік түрлі әдістермен тексеріледі. Олардың қауіпсіздігі, тиімділігі және сапасы анықталады. Біз алатын екпелер бұның барлығына сай. Ешқандай күмән тудырмайды.

Бірақ жұрттың күмәні сейілмей тұр. Осыдан 5 жыл бұрын екпеден бас тартқандардың саны 500-дей адамды құраса, биылғы жылы 11 мың адамға ұлғайған. Оның ішінде діни көзқараспен бас тартқандар 42 пайызды құрайды. Ал саналы түрде жасатпауға бекінгендер одан асып түсті - 45 пайыз. Бала шыр етіп дүниеге келгеннен вакцина алады. Барлығы 21 ауруға қарсы иммунитет қалыптастырады. Ұлттық сараптау орталығының маманы Қазақстанның екпе алудан ұлттық күнтізбесі ТМД-да үздік дегенге келтірді. Вакцина сапасы жоғары, оны жасау да дұрыс болар. Бірақ одан соң балалар неге мүгедек болып жатыр?

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:

Балаларда түрлі неврологиялық аурулар, тағы да басқа жағдайлар болуы мүмкін, бұл кезде екпе жасау әрине, дұрыс емес. Бізде мұндай жағдайлар болып тұрады. Сондықтан дәрігер ауру тарихын толық тексеру керек. Вакцина алуға қарсы белгілер бар ма, дегендей. Алайда мәселе вакцинада емес.

Серік Аткенов, педиатр, жоғары санаттағы дәрігер

Егер де вакцинадан кейін асқынса, инвалид болып қалуы мүмкін - егер вакцина дұрыс жасамаса, ауырған балаға жасалса, әлсіреген балаға жасалса, онда асқынуы мүмкін. – Демек, дәрігер қателігі де болып тұр ғой? – Жоқ, инвалид болып қалса, баланың өз ағзасына да байланысты.

Міне, баласы мүгедек болып қалған ана-аналардың да айтпағы осы. Әр адамның ағзасы екпеге әртүрлі реакция береді. Сондықтан әр баланы жеке-жеке тексеру керек,- дейді. 

Әсия Ахатова, Мүгедек балалардың аналары қауымдастығының төрайымы:

Біз екпеге тәсілі қайта қаралса дейміз. Әр баланы жеке-жеке тексеру керек. Қандай ауруға бейім, иммундық жүйесі қалай, туғанда қандай қиындықтар болды, анализ қорытындылары қандай, т.с.сияқтыларын ескеріп, екпе салу жоспарын әзірлеу керек. Қазіргідей қандай вирустық аурумен ауырды, іші өтпесе болды деп шетінен екпе жасай беруге болмайды. Ал бізде бала туа сала ертеңіне туберкулезге қарсы екпе жасалады. Бұл күрделі асқынуларға алып келуі мүмкін. Ал дамыған елдерде 1 жасқа толмаған балаға иммунитеті қалыптаспайынша екпе жасалмайды. Бізде эпидемиологиялық жағдайды алға тартады.

Баласына екпе беруден бас тартқанның бірі – Оксана Петерс. Өйткені вакцинаның құрамы мен сақталуы бір бөлек, оның кері әсері болмасына ешкім кепілдік бермейді,- дейді.

Оксана Петерс, тележүргізуші:

Егер де елімізге сапасыз әкелінген болса, болмаса сапалы болып сала алмаған жауапсыз, біліксіз маман-дәрігер болса, түбінде сол вакцинациядан бала зардап шексе, бұл жерде сол екпені жасаған дәрігердің айыбы болса, міндетті түрде жазалануы керек, дәрігердің мойнына жауапкершілік жүктеу керек. Және мемлекет ондай отбасын өмірбақи қамқорлығына алуы керек. Және сол баланың денсаулығының қалпына келуі үшін толыққанды 100 пайыз барлық шараларды жасау керек.

Бибігүл Ботымбаева, науқас баланың анасы:

Пенсия береді. Реабилитационный центрге жатайын десек, аналарға тегін емес. 82 мыңдай төлейді екенбіз, 24 күнге. Пенсиясы 60 мыңға да жетпейді. И то уход за ребенком соның бәрі кіргенде сондай. Былай не соответствует...  

Әзірге Денсаулық сақтау саласының мамандарын вакцинадан бас тартып жатқандардың жайы алаңдатып отыр. Өйткені екпеден бас тарту - қоғамға төнген қауіп. 

Жандарбек Бекшин, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы:  

Бірі қызылшаны алсақ, Еуропа елдерінде 100 мыңнан астам жағдай тіркелді. 30 жағдай өліммен аяқталды. Румынияда 30 жағдай, Франция мен Италияда 3 жағдайдан тіркеліп жатыр. Сондықтан басқа елдер де мән беріп жатыр. 

Серік Аткенов, педиатр, жоғары санаттағы дәрігер:

Қазір шешек ауруы мүлде жоғалып кетті. Өйткені 100 пайыз адамдар екпе жасады. Шешек қоздырғышы қонатын адам болмады. Ол табиғаттан жойылып кетті. Қазіргі заманда ешкім шешекпен ауырмайды. Ешкім өлмейді. Неге? Ол медицина жетістігі.

Министрліктің мақсаты – балалардың 95 пайызына, ересектердің 80 пайызына екпе жасату. Сол кезде инфекциялық аурулар жойылып, қоғамда ауру қоздырғыштарының циркуляциясы болмайтын көрінеді.

Гүлбарам Меңдеева, Олжас Нұржақып «Біздің уақыт».