Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Қолдары да, аяқтары жоқ Гордей бесаспап маман!

AstanaTV
14.10.2017ж. 20:00
2678
Қолдары да, аяқтары жоқ Гордей бесаспап маман!

«Нағыз адам туралы аңыз». Оралдық Гордей Трищенков он екі мүшесі орнындағы талай адамға үлгі қылатын азамат. Оның екі аяғы тізеден, ал сол жақ қолы шынтағынан жоқ болып дүниеге келген. Қатыгез тағдыр көзін әлі ашпаған шарананы аямаған. Қол-аяғынан шолтитқаны аздай, оң қолын да білезігінен шорт кесіпті. Қазір Гордей протезбен жүреді. Бірақ ақ қар, көк мұзда қиын. Қалаберді, мекемелердің кіреберісіндегі пандустардың тым биіктігі, шыбын тайып жығылатын жылтыр кафельмен қапталған баспалдақтар, шұқанағы көп жолдар да - протездің жауы. Абайламаса,омақаса құлауымүмкін. Алайда құлағанда тірейтін қолы болмаса да, өмірде сүйеу болар жары мен қызы бар! 

Гордей Трищенков, Орал қаласының тұрғыны:

Осылай мүгедек боп туғандықтан, бала кезімнен бәрін үйрендім. Ал абайсызда аяқ-қолынан айрылғандар үшін бұл ауыр тиер еді. Ата-анам да мені мүгедек деп санамады. Жастайымнан осыны санама сіңірді. Әйтпесе «мүгедекпін» деп масыл болар ем. Өзімді қорсынбау үшін мұның көп көмегі болды. Мүмкіндігінше бәрін өзім істеуге тырыстым. Өзімді дені сау адамдардың қатарына қосамын, тек сәл-пәл басқашамын.

Гордей жергілікті «Юнисерв» компаниясында бағдарламашы болып қызмет етеді. Жан-жақты: компьютер жөндейді, сурет салады, тіпті фотоөнерді де меңгерген. Әу баста қызықтап қызын ғана түсіргенімен, қазір той-томалаққа тапсырыс алып жүр. Мына көріп отырғандарыңыз – Гордейдің қолынан шыққан дүниелер. Орал қаласының көрікті жерлерін таспаға басып, кейін сайтына орналастырады. Осылайша түрлі тапсырыстарды орындайды. Пәтер жалдап тұратын жас отбасының өлшеулі бюджетіне бұл да қосымша нәпақа.

Гордей Трищенков, Орал қаласының тұрғыны:

Аяқ-қолымның жоғын көріп шошыған тапсырыс берушілер болды. Бірақ қолымнан іс келетінін көрсетіп, дәлелдедім. Жалпы мүгедек жандарға айтарым – өзгелердің аяушылық танытуын күтіп, уақыт өткізгенше, өз тағдырыңды өзің түзеуге ұмтыл. Өз өмірің - өз қолыңда. Қандай қиындық көрсең де алға ұмтыла беруің керек. Он екі мүшесі сау адамдарға да айтарым сол.