Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Қорғалжыңда қорықшылар браконьерлікпен айналысқан

AstanaTV
05.11.2019ж. 20:00
1823
Қорғалжыңда қорықшылар браконьерлікпен айналысқан

Қорғалжың мемлекеттік қорығында 154 ақбөкенді табиғат қорғау инспекторларының өздері қырып тастаған. Олар жануардың мүйізін сатумен айналысыпты. Күдіктілерді құрықтау операциясына қатысқан «Охотзоопром» орталық аумақтық филиалының басшысы Ерлан Абдрахманов осылай деді. Ол қорықшылардың мұндай әрекетке баруына ашкөздік себеп болғанын айтты. Қазір ақбөкен атты деген күдікпен 2 инспектор және осы іске қатысы бар тағы 2 азамат ұсталды. Әлихан Асқарұлы жалғастырады.

Күдіктілерді іздестіру жұмыстары наурыз айында басталыпты. «Охотзоопром» мемлекеттік кәсіпорыны өз қызметкері арасында арнайы тексеріс жүргізген. Нәтижесінде киік өлген аймақта 2 қорықшыдан басқа ешкімнің болмағаны анықталды. Инспекторлардың үлкені 1968-ші, ал кішісі 1993 жылы туған. Екеуі де қызметте жақсы қырларымен көрінген. Ал оларды мұндай қылмыс жасауға не итермеледі?

Ерлан АБДРАХМАНОВ, «ОХОТЗООПРОМ» «ӨБ» ОРТАЛЫҚ АУМАҚТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
 
Неге аттың? - деген кезде, енді бұл біздің табиғатымыз ғой, біз өзіміз білеміз, ақша ғой сол енді, өмір ғой, - деп жаңағы атқымыз келеді атамыз дегендей соған келтірді. 

Күдіктілер қазір уақытша тергеу изоляторында, қамауда. Енді олардың ісі сотта қаралмақ. Кінәсі дәлелденсе 2 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін. 

Гүлнар ПИНЧУК, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Тергеу нәтижесі бойынша, 4 азаматтың 154 ақбөкенді атып өлтіргені дәлелденді. 46 жастағы Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны олардан мүйіздерді сатып алып отырған. Тәркілеу барсында кесілген 217 киік мүйізі табылды. Олар оны Ресей Федерациясының аумағына алып өтпек болған. Қазіргі таңда айыпталушыларға қатысты ҚК «Заңсыз аң аулау» бабы бойынша іс қозғалды.

Соңғы кезде заңсыз аң аулау фактілерінің жиілеуіне байланысты, енді заңға өзгерістер енгізіледі. Сәйкесінше, қылмыс жасаған браконьерлер 5 жылдан 12 жылға дейін жаза арқалауы мүмкін. 

Ерлан НЫСАНБАЕВ, ҚР ЭКОЛОГИЯ, ГЕОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Жеткен жеріміз осы болар. Қорғалжыңның маңайында 130 бас киік атылып кетті. Осының бәріне тосқауыл жасау үшін тек қана заңды күшейтуіміз керек. Одан басқа амалды көріп тұрғаным жоқ.

Қорғалжың қорығындағы оқиғадан кейін, өз еркімен жұмысынан кетіп жатқан инспекторлар қатары көбейіпті. «Охотзоопром» басшылығы қызметтен кеткен қорықшыларға күдікпен қарап отыр. Өйткені, олардың жұмысында да шикілік болуы мүмкін дейді.

Ә. Асқарұлы