Негізгі / Жаңалықтар / Қызылжарда бүтін бір аудан қоқыстан көз ашпай отыр

Қызылжарда бүтін бір аудан қоқыстан көз ашпай отыр

Қызылжарда бүтін бір аудан күл-қоқыстан көз ашпай келеді. Өйткені елді-мекенде кәріз жүйесі жоқ. Жылдар бойы үйіле берген қалдықтар бүгінде кәдімгі полигонға айналған. Жергілікті билік неге мәселеге көз жұмып келеді? Былғары зауыт ауданында қашан тазалық орнайды? Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин бұқараның мұңына құлақ түріп, жағдайды бағалап қайтты.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Былғары зауыт кентінде қос қабатты тұрғын үйлер өткен ғасырдың 70-жылдары бой көтерген. Кәріз жүйелері бұл жерде әу бастан жоспарға енбеген. Жұрттың тең жарымы арнайы септиктарды орнатса, қалғандары бүкіл қалдықтарын есік алдына әкеліп төгеді. Сөйтіп, бұл мәселе ондаған жылдар бойы шешілмегендіктен, баспаналардың ауласы шағын қоқыс полигонына айналған.

Тұрғындар қолқаны қабатын иістен тұншығып отырғандарын айтады. Одан бөлек, қоқыста үйілген тышқандар да әбден мезі қылса керек.

Мария ГАВРИКОВА, ТҰРҒЫН:

Септигі жоқ тұрғындар бүкіл нәжісін осында әкеліп төгеді. Есік алды көлге айналды. Кейде менің бақшамның төңірегіне апарып төгеді. Оның бәрі сумен араласып, кейін біз оны тұтынамыз.

Гүлнар ЕСКЕНДІРОВА, ТҰРҒЫН:

Ортақ мәселені шешуге көршілердің басы бірікпей қойды. Мен мұнда жақында көшіп келдім. Септикке қосылу үшін біраз қиындыққа тап болдым. Құбыр орнатуға бөгет жасайды. Енді суды солардан тартайын десем, менен 200 мың теңге талап етеді. Пәтер иелері кооперативін де құруға қарсы.

Қалалық су арнасы жаңадан жүйе тартумен айналыспайтынын хабарлады. Олар тек ескі құбырларды жөндеп, су магистральдерін қадағалауға ғана құзырлы. 

Сергей ВИЗЕРОВ, "ҚЫЗЫЛЖАР СУ" ЖШС БАС ИНЖЕНЕРІ:

Тарифтің ақшасына жаңа жүйелер тартылмайды. Онда судың тарифі шарықтап кетеді. Былғары зауыт кентіндегі кәріз жүйесіне шамамен 45-50 млн теңге қажет. Яғни сорғы станциясы орнатылып, кәріз құбырлары тарту үшін. Бұл  енді жергілікті биліктің, әкімдіктің мәселесі.

Қалалық әкімдік болса, бұл мәселеден хабардар. Олар проблема әкімнің есептік кездесуінде талай рет көтерілгенін мәлім етті. Дегенмен проблеманы шешуге қаражат қолбайлау. Бірақ, ендігі жылы қаржы көзі табылып қалуы мүмкін, деп үміт етті. 

Әсем АЙТУЛОВА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
 
Насос стансасы мен кәріз жүйелерін салу керек. Оған әзірге қаражат жоқ. Себебі ол ондаған млн теңге. 2020 жылы жобалық сметалық құжатты дайындау үшін бюджетке ұсыныс жасайтын боламыз. Бюджет бөлінген жағдайда әрі қарай құрылыс жұмыстары басталуы мүмкін.

Кәріз жүйелерінің жобалық сметалық құжаттамасы дайын болғанның өзінде қаражат бірден бөлінеді деген сөз емес. Тұрғындар әлі кемінде екі жылдай лас ортада тұрудан басқа амал жоқ.

А. Құрманкин