Негізгі / Жаңалықтар / Нұр-Сұлтандық үлескерлердің мәселесі 2023 жылға дейін шешіледі

Нұр-Сұлтандық үлескерлердің мәселесі 2023 жылға дейін шешіледі

Нұр-Сұлтандық үлескерлердің мәселесі 2023 жылға дейін шешіледі. 71 проблемалық нысанның 10-ы жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Бас қаланың әкім орынбасары Алтынбек Қайсағалиев үлескерлермен кездесу барысында осылай деді. Бұл мақсатқа қазынадан 40 млрд теңге бөлу жоспарланған. Қазіргі кезде оның 6 млрд теңгесі игеріліпті.

63-жастағы Маруар Рахимбекова бар тапқан таянғанын мердігер мекеменің қорына құйыпты. 3-бөлмелі су жаңа пәтер үшін 58 мың АҚШ долларын берген. Жоспар бойынша ол қалаған тұрғын үй 2015 жылы берілуі керек еді. Алайда, содан бері зейнеткерден маза қашыпты. Не ақша, не баспанам жоқ деп сан соғып отыр.

Маруар РАХИМБЕКОВА, ҮЛЕСКЕР:

2008 жылдан бері 10 жылдан артық әне салам, міне салам деп келе жатты. Күдерімізді үздік біз одан. Әбден алдап, бір квартираны 2-3 адамға сатып, әбден миымызды айналдырып, өтірік әбден шыққан соң, біз әлгі жерде сотқа барып, сот  болып, өз үйімізді алып қалдық. 

Үлескерді «Орал дизайн Строй Сервис» құрылыс компаниясы алдап кеткен. Мердігер мекеме 29 пәтерді бірнеше адамға сатыпты. Қала берді, мүлде жоқ 192 пәтерді нарықтағы бағадан арзанға сатып отырған. Қолында ешқандай рұқсат қағазы болмаса да, бес қабатты үйлердің үстіне тағы төрт қабат қосып ұлғайтқан. Компанияның осындай құйтырқы әрекеттері 2015 жылы әшкере болды. Мекеме басшысы 9 жылға бас бостандығынан айырылды.

Александр СТАДНИК, ҮЛЕСКЕР:

Бізді тақырға отырғызып кеткен соң, амал жоқ талай рет көшеге шықтық. Аштық та жарияладық. Екі ортада қалып қойдық. Бар үмітіміз - жоғарыдағылар бізді естісе екен дедік. Арамызда көпбалы, қарт, мүмкіндігі шектеулі жандар  бар. Барлығымыз әупіремрімдеп жүріп, мемлекетпен бір келісімге келдік. Қазір бітпей қалған құрылыс қарқынды жүріп жатыр.

564 үлескер құйған тұрғын үйдің құрылысы 2008 жылы басталған. Алайда, мердігердің алаяқтығынан нысан құрылысы ұзақ уақытқа тоқтап қалған. Жергілікті билік жақында ғана бұл істі қолға алды.

Алтынбек ҚАЙСАҒАЛИЕВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМ ОРЫНБАСАРЫ: 

Қазіргі күні үйлердің, тоқтап қалған үйлердің, проблемалық үйлердің құрылысы басталып, жүргізілуде. Бүгінгі күні тұрған үйіміз Көктал үйі. Осы жерде құрылыс жұмыстары басталды. Мердігер компаниялар белгіленді. Келесі жылы, осы баспана Көктал тұрғын үйінен 564 үлескерді баспанамен қамту жоспарымызда бар. 

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша қазір 71 проблемалық нысан мен 14 мың 500-ден аса үлескер бар. Биыл жыл соңына дейін 10 тұрғын үйдің құрылысы бітсе, келесі жылы 20 нысан пайдалануға берілмек. Жалпы алғанда алдағы 3-4 жылда барлық проблемалық нысандардың құрылысы оң шешім табуы тиіс. 

А. Мүтәлі