Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Оралдағы 14 жастағы бозбала танымал шаштаразға айналды

AstanaTV
08.11.2019ж. 20:00
3187
Оралдағы 14 жастағы бозбала танымал шаштаразға айналды

Оралдағы барбершоптардың бірінде 14 жастағы Андрей Швец есімді бала шаштараз болып жұмыс істейді. Бүгінде ол қаладағы білікті мамандардың қатарында. Шеберлігін шыңдаған Андрей қазір шаш қиюмен қатар, сақал-мұрт басуды да меңгерген.

Андрей Швец шаш қиюды жарты жыл бұрын үйреніпті. Зейінді бозбала содан бері ең күрделі шаш үлгілерін жасауды меңгеріп алған. Бұл істе ең бастысы - ерінбеу керек. Әрі адамдарға қуаныш сыйлағаннан ләззат аламын, дейді бозбала.

Андрей ШВЕЦ, ШАШТАРАЗ:


Жұмыста барынша сабырлы болу керек. Егер клиент ашуланып келсе, оның тілін тауып, жылы сөйлесіп, сабасына түсіреміз. Талқылайтын ортақ тақырыптар да болады. Сондайда болашақта психолог болғым кеп кетеді.

Қазір Андрейдің уақыты қарбалас: таңертең сабағына барады. Кешкісін салонға келіп, клиенттерінің шашын қияды, сақал-мұртын да басып береді. Сол екі арада уақыт тапса, сән мектебіне үлгіруге тырысады. Бозбала барбер қыз-қырқын ғана емес, ерлерге де күтім керек дейді. Ал жас шеберге жүгінгендер оның қызметі көңілден шыққанын айтады.

Дмитрий КУДРЯВЦЕВ,  КЛИЕНТ:

Мұндай жастарға сеніммен қарап, мүмкіндік беру керек. Сонда ғана жақсы маман шығады. Басында оған шаш қиғызам деп 2-3 сағат күттім. Сол кезде әріптестері көмектесті. Ақырында шашымды әдемілеп қиып берді. Шынымды айтсам, енді тек соған қиғызамын. Өйткені Андрей қазірдің өзінде мықты шаштараз.

Андрейдің бұл кәсібін мектептегілер де жақсы біледі. Қолы босағанда құрдастарының шашын қиып береді екен. Музыкамен әуестенетін бозбала тапқан қаражатын гитара сатып алу үшін жинап жатыр.

Е. Карин